Жарияланды: 12.08.2018

Автокөлік иелерінен 82 миллион жиналды

Түлкібас ауданы бойынша биылғы жылдың алты айында тек жеке тұлғалардың көлік салығының өзінен өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 22 млн. артық түсті. Бұл өсу қарқыны 145,2 пайызды құрайды, өткен жылы 60 миллион, биыл 82 миллион жиналған. Жеке кәсіпкерлердің табысынан ұсталатын  жеке табыс салығы бойынша өткен жылы 33 млн.теңге түскен болса, биыл 48 млн. теңге немесе 15 млн.теңге артық түсіп, өсу қарқыны 136,6 пайызды құрады. Жалпы салық түсімінің осылай өсуі қандай себептерге байланысты? 

Бірінші – экономикалық өсуге байланысты, яғни кәсіпкерлік саласы дамуда десек болады. Жаңадан жұмыс орындары ашылып, жазғы маусымдық жұмыстар қыза түсті, солардың есебінен түсетін салық қазынасы артты. Екіншіден, салықтық бақылау, салықтық әкімшіліктендіру жұмыстарын жақсарту. Үшіншіден, салық төлеушілердің мәдениеті мен жауапкершілігінің артуы. Осы пункттер арқылы салық өсімі байқалады. Қазір күннен-күнге кәсіпкерлер саны өсіп келе жатыр. Сондай-ақ, транспорт салығына бақылау күшейді. Мемлекеттік автоинспекция ұсынған мәліметтер бойынша біраз жайттар анықталды. Қаншама жылдар бойы автокөлік салығын төлемеген жеке азаматтарға хабарлама жолданды, хабарламаға құлақ аспағандарға сотқа талап-арыз жазып, соттың бұйрығымен мәжбүрлі түрде өндірілді. Осындай нәтижелердің арқасында аудандық бюджетке бір ғана көлік салығынан 2016 жылмен салыстырғанда 2017 жылы 51 млн.теңге артығымен түсті, яғни 2016 жылы 100 млн.теңге болса, 2017 жылы 151 млн.теңге түскенін айта кетейік.

 

 

 

 

1 120 қаралым