Жарияланды: 13.01.2024

ТҮРКІСТАНДА «ҚОНАЕВ – ҒАСЫР АДАМЫ» АТТЫ МӘДЕНИ-ТАНЫМДЫҚ ІС-ШАРА ӨТТІ

Бүгін «Ұлы Дала Елі» орталығында «Қонаев – Ғасыр адамы» атты мәдени-танымдық іс-шара өтті. Аталған жиын халқымыздың біртуар перзенті, есімі дүние жүзіне мәшһүр болған аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхаммед Қонаевтың туғанына 112 жыл толуына орай Түркістан қалалық мәдениет үйі мен аталған орталық бірлесе ұйымдастырған. Тағылымды іс-шараға кемеңгер тұлғаны көрген, естіген, білген ардагерлермен бірге, зиялы қауым өкілдері және кітап, теледидар арқылы білетін жастар да келіп қатысты.

Алдымен ұлы тұлға жайлы бейнематериал көрсетілді. Жиынның шымылдығын қала әкімінің орынбасары Мекенхан Қырықбаев, қалалық мәслихат төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев, облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенұлы және қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарқынбек Құлбайымбетов ашып беріп, сүбелі сөз сөйледі.

Үлкен мәдениеттің, терең білімнің иесі Дінмұхаммед Ахметұлы шығармашылық адамдарын қатты қадірлеген және өзі де оларға аса қадірлі болған. Сондай ұлы өнердің бірі композитор Нұрғиса Тілендиевтің күйлерін, қазақтың күй өнерін өте жақсы тыңдағаны бүгінгі шараға арқау болып, күмбірлеген күй орындалды. Мәдениет үйінің әртістері «Ясауи мен Қонаев, Ұлы бабалар» атты көріністі сомдады. Ал айтыскер ақын Тұрар Тілеулі ерекше арнауымен дүйім жұртты таңдандырды. Бишілер мың бұрала билеп, әуезді әндер шырқалды. Тұлға жайлы ерекше көрме жасақталды.

Ұлы тұлғаның өсиеті мәңгілік. Оның есімі халқымен бірге жасай береді. «Өмірдің екі тірегі бар. Үйренуден жалықпау, үйретуден аянбау» деген сөзі кейінгі ұрпаққа өнеге болмақ. Бүгінде Қазақстанның әр қаласында Қонаевтың атымен аталатын көшелер, мектептер, жоғарғы оқу орындары көптеп кездеседі. Дінмұхамед атымен аталатын жас ұрпақ та өсіп келеді. Шара соңында қатысушылар ұйымдастыру алқасына алғыс айтып тарасты.

1 572 қаралым