Жарияланды: 05.08.2024

Экотуризмді насихаттауға бағытталған шара өтті

фото ҚАӘБҚ

 

Түркістан облысы Қазығұрт ауданы әкімдігінің қолдауымен және  «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен «Жастар шыңы – 2024» шарасы өтті. Айтулы шараға аудан, қала жастары мен облыстың дарынды жастары, соның ішінде еріктілер де бар 50-ге жуық жас қатысты. Саммит жастар саясатына қатысты өзекті мәселелерді талқылауға, сондай-ақ белсенді жастар арасында тәжірибе алмасуға, байланыс орнатуға арналған алаңға айналды. Шараға қатысушылар өз жобаларын ұсынып, ой бөлісіп, өңірді дамытуға бағытталған бастамаларды ұсынуға мүмкіндік алды.

 

Мұндай шаралар жастардың белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыруға ықпал етіп, олардың әлеуметтік маңызы бар жобаларға қатысуын ынталандырады. «Жастар шыңы– 2024» жастардың қоғамдық өмірге белсене араласып, Түркістан облысының дамуына үлес қосуға деген құлшынысын көрсетті. Қазығұрт ауданының әкімі А.Исмаилов, Түркістан облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің басшысы Е.Бектаев, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы А.Көшкінбай, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы А.Серкебаев қатысты.

Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық паркіне жататын теңіз деңгейінен 2900 метр биіктікте орналасқан Мақпалкөл шыңы 2019 жыл Жастар жылы деп жарияланғанына орай «Жастар шыңы» аталды. Бұл шыңның осындай құрметті атқа ие болғанына биыл 5 жыл толып отыр. «Жастар шыңына» байланысты туристік қызметтің басты мақсаты – елімізде экологиялық туризмді дамыту, сондай-ақ Қазақстанның киелі және тарихи жерлерін жастар арасында кеңінен насихаттау. Іс-шаралар бағдарламасы белсенді өмір салтын насихаттауға, қоршаған ортаны қорғау және табиғи мұраны сақтау мәселелеріне назар аударуға бағытталған. «Жастар шыңы» жаңа белестерді бағындыруға, туған табиғатын түсінуге ұмтылған жаңа ұрпақтың талпынысы мен жігерінің символына айналды. Бұл шыңға шығу табиғат пен спорт сүйер қауымды біріктіреді, еліміздің әр өңірінен келген жастар арасындағы достық пен тәжірибе алмасуды нығайтады.

Сонымен қатар, аудан әкімі А.Ысмайылов пен шараға қатысқан жастар «Таза Қазақстан» акциясы аясында «Жасыл марафон 24» акциясын ұйымдастырды. Шара барысында жастар Өгем өзенінің бойындағы тазалық жұмыстарына белсене атсалысты, бұл аудан тұрғындары мен жастарының тазалық пен қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне назарын аудару ісінің бір бөлігі болды. Бұл тәсіл жастардың белсенді азаматтық ұстанымын және табиғи мұраны сақтауға жауапкершілікті қалыптастыруға ықпал етеді. Іс-шара тазалық пен экологияны қолдаудағы бірлескен күш-жігер айтарлықтай нәтижелерге әкелетінін және қоғамда экологиялық мәдениетті нығайтуға болатындығын көрсетті.

Шара аясында волейболдан турнир де өтіп, оған облыс жастары, Қазығұрт ауданының әкімі, ҚММ жастар ресурстық орталығының командасы және ерікті жастар қатысты. Турнир соңында орындар келесідей бөлінді: 1 орын – «Жастар ресурстық орталығы» КММ командасы.

2 орын – «Түркістан» командасы.

3 орын – Қазығұрт ауданының командасы.

Турнир жастарға спорттық шеберліктерін көрсетуге, командалық рухты нығайтуға және әртүрлі белсенді топтар арасында байланыс орнатуға тамаша мүмкіндік болды. Алдағы уақытта ішкі туризмді және экотуризмді насихаттауға арналған осы бағыттас шаралар жалғасын табатын болады. Киелі Қазығұрт тауының баурайында осы тақылеттес қандай шара өткізуге де мүмкіндік бар. Экономикаға қосар қомақты үлесі бар туризм саласын дамыту үшін барынша жағдай жасалуда. Бұл тұрғыда жастар барлық жағынан қолдау жасауға да, ілкімді істерді ілгерілетуге де әзір.

381 қаралым