Жарияланды: 24.08.2018

Түркістан облысында тұңғыш рет «Қауын Fest» фестивалі өтті

Бүгін Жетісай ауданы, Жетісай қаласындағы орталық саябақта «Қауын fest» облыстық фестивалі өтті. Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жағыруы» бағдарламасы аясында тұңғыш рет өткізіліп отырға фестивальге облысымыздың аудандары мен қалаларынан және еліміздің өзге өңірлерінен де қонақтар келіп қатысты. Іс-шараны Түркістан облысы әкімдігінің тікелей бастамасымен əрі қолдауымен Мақтаарал және Жетісай ауданы әкімдіктері бірлесіп ұйымдастырды. Фестивальдің мақсаты – бақша дақылдарынан өндірілетін өнім түрлерін көбейтіп, кәсіпкерлікті дамыту, бақша өнімдерін, терең өңдеуді қолға алу және диқандардың өзара тәжірибе алмасуына жағдай жасау. Еңбекші қауымның еңсесін көтеруге бағытталған фестивальдің ашылу салтанатында Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев өңірдің ауыл шаруашылығы саласының потенциялы жоғары екеніне тоқталды. 
— Біз бақша өнімдерін терең өңдеу саласына мән бергеніміз жөн. Осы мақсатта қауын мен қарбыздың отаны саналатын Жетісай және Мақтаарал аудандарында бақша өнімдерін терең өңдеумен айналасытын шағын кәсіпорындар мен цехтарды іске қосуымыз қажет. 2018 жылы Түркістан облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарылатын жобалар мен іс-шаралар қайта қаралып, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтауға негізделген болатын. Соның нәтижесінде биылдан бастап облыстың әр аймағында ауқымды шара өткізу және оларды дәстүрге айналдыру қолға алынды. Бүгінгі облыс тарихында тұңғыш рет өткізіліп отырған «Қауын fest» облыстық фестивалі сол игі бастамалардың жалғасы. Алдағы уақытта жыл сайын тамыз айында «Қауын fest» фестивалін, «Қауынғақ», «Қауында да қауын бар», «Қарбызды Оңтүстікте дарбыз дейді» сияқты байқаулар мен жәрмеңкелер ұйымдастырамыз, — деді облыс әкімі.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

1 148 қаралым