Жарияланды: 24.08.2018

Экспорттық стратегия әзірленді

Елбасы тапсырмасына сәйкес, алдағы 5 жылда өңірдің шикізаттық емес экспорттық әлеуетін 1,5 есеге ұлғайту керек. Сол үшін Түркістан облысында экспорттың стратегиялық бағдарламасы әзірленбек, деп хабарлайды «Оңтүстік» арнасы. Аталған бағдарлама аясында шетке тауар экспорттаушы серіктестіктерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі. Соны кәсіпкерлерге түсіндіру үшін Түркістанда арнайы семинар ұйымдастырылды. Қолда бар мәліметке сүйенсек, облыста шетке өнім экспорттаумен айналысатын 50-ден астам серіктестік бар. Жаңадан әзірленетін стратегиялық бағдарлама сол кәсіпкерлердің жұмысын жеңілдету үшін дайындалуда. Жаңа жоба кедендік мәселелерді де оңтайландырып, бірқатар кедергілерді жоюға ықпал етпек. Ербол Тасжүреков – Түркістан облысы әкімінің орынбасары «Енді біздің мақсатымыз — сол мәселелерді айқындап, проблемаларды бірге шешу.Шешілмеген жағдайда орталық деңгейде министрліктермен бірге шешу. Проблемалар жоқ емес, проблемалар бар. Атап айтқанда, кедендік рәсімдерді оңтайландыру. Және логистикалық мәселелер — тауарларды уақтылы жеткізу». Жаңа жобаның жайы талқыланған жиынға әкімдік қызметкерлері мен кәсіпкерлерден бөлек, біздегі қаржы ұйымдары мен өзге де мемлекеттік орган өкілдері қатысты. Жиын барысында осы топтар… өздерінің қандай қызмет атқаратыны туралы ақпарат берді. Ал, реті келгенде қиындыққа тап болған кәсіпкерлер мәселелерін айтып, нақты жауап алды. Сондай кәсіпкердің бірі — төлебилік Ғабиден Қыстаубаев. Мал етін сатумен айналысатын азамат «болашақта шетке ет экспорттасам» -дейді. Сол үшін мемлекет тарапынан қаржылай қолдау көрсетілгенін қалайды. Ғабиден Қыстаубаев –  «Әлі» шаруа қожалығының төрағасы «Біз Президент тапсырмасына сәйкес, ет экспортын арттырсақ па деп жатыымыз. Соған енді мемлекет тарапынан қаржы сұрап отырмыз. Соны шешіп берсе, жақсы болар еді». Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, біздің өңір шетке негізінен көкөніс пен жеміс-жидек және азық-түлік өнімдерін экспорттайды екен. Жаңа бағдарлама сол өнімдердің  тауар таңбаларын көбейтуге жол ашады. Ескерте кететін жағдай, бұл бағдарламаны жасау жұмыстары тек бүгін ғана басталған жоқ. Жыл басынан бері өңірде арнайы топ жұмыс істеген. Олар кәсіпкерлік ісіне талдау жүргізіп, біраз фактілерді анықтаған. Енді стратегиялық бағдарламаны жасауда соның бәрі ескеріледі.

М.Жарылқасын             

1 029 қаралым