Жарияланды: 25.08.2018

Мақталықты аралады

Аптаның алғашқы күні Түркістан облысы Бәйдібек ауданына ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Берік Оспанов келді, деп хабарлайды «Алғабас» газеті. Құрметті қонақты бұрынғыдай Шымкент жақтан емес, Түркістаннан келер бағыттан күтіп алдық.
Берік Серікұлы алдымен «Нұра» бойындағы мақталықты аралады. Мақтаның өнімі мен сондағы басқа да дақылдардың түсімі жайында дихандар Нұрлан Әбілхасымов пен Самат Кәдіров және Сейілбек Шаданов, сонымен бірге ауыл әкімі Төлеген Дәрменбаев мырза айтып өтті.
Дихандар биылғы жылы мақталықтың әр гектарынан 20-25 центнерден аламыз деген ниетте. Өткен жылғы өнім бұдан әлдеқайда жоғары болған. “Бөген су қоймасынан” келер суға негізінен іргелес аудан мен Түркістан аймағының мақташылары ие. Алқаптың бірінші суғарылымын ғана осы қоймадан алып үлгерген дихандар, екінші суғарылымында өздері қолдан қазып алған құдықтың суын пайдалануда екен. Дегенмен, көңілдері тоқ. Егіндері жайқалып тұр. Қазақ «Қонақ келсе, құт келер» деп қуанады. «Жаманын жасырып, жақсысын асырып» айтып, қуанып жүр.
Мәжіліс депутаты өңірдің жайын жақсы біледі. Облыс әкімінің орынбасары ретінде біраз жыл ел басқарғаны бар.
Мәжіліс депутаты Берік Серікұлы Мыңбұлақ ауылдық округіне қарасты Мәдениет ауылындағы мектептің мәжіліс бөлмесінде ауыл тұрғындарымен кездесу өткізді. Мәжілісте атқарылып жатқан жұмыстардан көпшілікті хабардар етті.
Кездесу жиынын «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Тұрсынәлі Дүйсенбеков жүргізіп отырды.
Кездесуде ауыл тұрғындары «Ел ырыс» ЖШС-нің төрағасы, кәсіпкер Есенбай Қанашаев пен ұстаз Тұрмысбек Құнанбаев және ауыл қариясы Әбіш Түймебаев көкейде жүрген сұрақтарын қойып, ұсыныс-пікірлерін айтты.
Мәжіліс депутаты Берік Серікұлы қойылған сұрақтарға тиісті жауабын беріп, ұсыныс-пікірлерді өзінің қойын дәптеріне жазып алды.
Көпшілік бұл кездесуді жылы қабылдады. Сөз сөйлеушілер аудан орталығынан тысқарылау жатқан аймаққа алыс-жақын мәртебелі қонақтардың аз келетінін алға тартты.
Жиынды аудан әкімінің орынбасары Темір Айкен Мәкенұлы қорытты.
Көпшіліктің көкейіндегі ойды дөп басып, мәжілістегі қабылданған, қабылданып жатқан заңдардан толыққанды хабардар еткені үшін мәжіліс депутатына алғысын айтты.

 

 

1 068 қаралым