
фото eco.gov.uz
Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында Ж.-ға қатысты қылмыстық іс аяқталды.
Ж. ҚК-нің 339-бабы 1-бөлігімен (өсімдіктердің немесе жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлерін, олардың бөліктерін немесе дериваттарын, оның ішінде олардың айналымы Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарымен реттелетін түрлерін, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған өсімдіктерді немесе жануарларды, олардың бөліктерін немесе дериваттарын заңсыз қолға түсіру, иемдену, сақтау, өткізу, әкелу, әкету, жөнелту, тасымалдау немесе жою, сол сияқты олардың мекендейтін жерлерін жою) айыпталған.
Сотталушы 2024 жылдың қазан айында бейтаныс тұлғадан пайдалануға тыйым салынған арыстанның баласын (Panthera leo) сатып алып, оны өзінің тұрғылықты мекен-жайында заңсыз асырап баққан және оны сату үшін Түркістан облысы Сарыағаш ауданынан Шымкент қаласына алып келіп, заңсыз тасымалдаған.
Сотталушының кінәсі өзінің және куәнің жауабымен, оқиға орнында жүргізілген қарап-тексеру хаттамасымен, ветеринарлық кітапшамен және басқа да іс бойынша жинақталған дәлелдемелердің жиынтығымен толық дәлелденеді.
Прокурор сотталушы Ж.-ға айыппұл жазасын тағайындауды сұрады.
Сотталушы тағылған айыпты толық мойындап, зейнет жасында екенін ескеріп, айыппұл жазасын тағайындауды сұрады.
Сот, Ж.-ға қатысты қылмыстық жауапкершілікті жеңілдететін мән-жайлар ретінде істеген іс-әрекетіне шынайы өкініш білдіргенін және зейнет жасында екенін ескерді.
Іс бойынша оның жауаптылығы мен жазасын ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
Сот, Ж.-ны ҚК-нің 339-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танып, оған жануарлар ұстау қызметімен айналысу құқығынан 1 жыл мерзімге айыра отырып, 300 (үш жүз) АЕК мөлшерінде 1 107 600 теңге айыппұл жазасын тағайындады. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.