Жарияланды: 22.04.2025

Қару тапсырып, 393 мың теңге сыйақы алыңыз

фото ТОПД

 
Түркістан облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының инспекторы Абдулла Аманбаев «Халықтан заңсыз сақталудағы қаруды, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды сатып алу бойынша кезекті акцияны өткізу туралы» брифинг берді.
 
Іс-шара барысында ерікті түрде тапсырылатын заңсыз сақталудағы атыс қаруларына мемлекет тарапынан дәрежесіне қарай ақшалай сыйақы берілетіні, осы мүмкіндікті жіберіп алмау керектігі түсіндірілді. Яғни, автоматты ойық қаруға 393 200 теңгеге дейін, ұзын ойық ұңғылы қаруға 196 600 теңгеге дейін, қысқа ұңғылы ойық қаруға 157 280 теңгеге дейін, тегіс ұзын ұңғылы қаруға 117 960 теңгеге дейін, травматикалық тапанша немесе револьверге 39 320 теңгеге дейін, жарылғыш зат және артериялық снарядқа 27 524 теңгеге дейін, жарылғыш заттың 1000 граммына 23 592 теңгеге дейін; 5,6 мм калибрден жоғары ойық ұңғылы қарудан атуға арналған оқтың данасына 112 теңгеден, 5,6 мм калибрлі кіші ойық ұңғылы қарудан атуға арналған оқтарға данасына 34 теңгеден деп есептелгені жеткізілді.
 
Айта кетсек, ағымдағы жылдың 21 сәуірінен бастап, облысымызда халықтан заңсыз сақтаудағы қару-жарақ құралдарын сатып алу жөніндегі акция өткізіледі. Сондықтан жергілікті тұрғындар қолдарыңызда еш жерде тіркелмеген қару түрі болса, полицияға өткізіп, сыйақыға ие болсаңыз болады. Заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды ерікті түрде тапсырған азаматтар қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылады.
49 қаралым