Бүгінде Түркістан облысындағы Төле би ауданында жылыжай шаруашылығын дамыту қолға алынған. Аталмыш салада жемісті еңбек етіп жатқан шаруашылықтардың қатары артып келеді. Биылғы жылы ауданда жылыжай көлемін арттыру жоспарланған болатын. Жылыжай салу меже 10 гектар көзделсе, орындалғаны 7,51 гектар, яғни 75 пайызға орындалды. Жылыжайда қызанақ, қияр өсіріп, саудалап отырған шаруашылықтар алдағы уақытта тағы да жылыжай көлемін арттырмақты ниет етіп отыр. Бұдан бөлек, суармалы жердің көлемін ұлғайту бойынша меже 300 гектар жоспарланған болатын. Оның орындалғаны 358,1 гектар, яғни 119,0 пайызға орындалды. Артығымен орындалып отыр. Ауданда сонымен қатар майлы дақылдар егіп, кәсібін дөңгелетіп отырған өндірістік кооперативтер қатары артып келеді. Мәселен мақсары майын өндіретін шаруашылықтар көп. Мақсарыдан асқатық май шығаратын кәсіпкерлер баршылық. Бұдан бөлек ала жаздай баптап өсірген мақсарыны облыс орталығындағы май зауыттарына әкеліп пұлдайды. Түскен табыс жаман емес. Көктемгі егістікке кеткен шығынды ақтап, артығымен табыс қалады.
Жарияланды: 26.08.2018