Жарияланды: 11.09.2018

Жергілікті бюджеттің кірістер жоспары 109,7 пайызға орындалды

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Б.Сағынтаевтың төрағалығымен Үкіметтің кезекті отырысы өтті. Күн тәртібі еліміздің 2018 жылдың 8 айындағы әлеуметтік-экономикалық дамуы мен республикалық бюджеттің атқарылуының барысына арналды. 

Үкімет басшысының ресми сайтында хабарланғанындай, өңірлермен тікелей байланыста Ұлттық экономика министрі Т.Сүлейменов осы жылдың қаңтар–тамыз айларында Қазақстан экономикасының оң өсу үрдісі сақталып отырғанын айтты. 

Ал ҚР қаржы министрі Б.Сұлтанов осы жылдың сегіз айындағы бюжеттің орындалуының негізгі көрсеткіштері туралы баяндады. Бюджеттің негізгі көрсеткіштері айтарлықтай жақсартылған.

Мемлекеттік бюджетке (трансферттерсіз) 5,252 трлн теңге кіріс түсті. Бұл сома 2015 жылдың жалпы жылдық көлемінен 74 млрд теңгеге артық. Экономиканың барлық салаларында макроэкономикалық көрсеткіштердің жақсаруы, оның ішінде мұнай мен металл бағасының өсуі, кірістердің өсуіне бірден-бір себеп болды. Сондай-ақ, бұған салықтық–кедендік әкімшілендіру рәсімдерінің тиімділігінің артуы да ықпал етті.

«Бюджеттердің барлық деңгейлерінде кірістер бойынша ағымдағы жоспарлар артығымен орындалды. Мемлекеттік бюджет – 104,7%, республикалық бюджет – 103,7% және жергілікті бюджет – 107%. Нақтыланған жоспардың жылдың аяғына дейін толық орындалуына ешқандай кедергілер жоқ», — деп баяндады Б. Сұлтанов.

Өз кезегінде, бюджеттің 8 айдағы атқарылуы аясында Түркістан облысының әкімі Ж.Түймебаев 1,9 млрд. тң сомасында республикалық бюджеттен бөлінген, игерілмеген мақсатты трансферттер туралы баяндады. 

«Жалпы, жергілікті бюджеттің кірістер жоспары 109,7 пайызға орындалып,  7,3 млрд. теңге қаржы артық түсті. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1,5 млрд. теңгеге өсіп отыр. Ал игерілмеуге байланысты 2 млрд. теңге Шымкент қаласы бойынша республикалық және облыстық бюджеттен қаралған нысаналы трансферттің есебінен құрап отыр. Бұл қаржылар республикалық бюджетке тиісті өзгерістер енгізілген соң облыстық бюджеттен қысқартылып, қаланың бюджетіне ауыстырылатын болады. Қалған бөлігін жыл соңына дейін игеретін боламыз», — деді облыс әкімі Ж.Түймебаев.

Өз кезегінде, Б.Сағынтаев жаңадан құрылып отырған Түркістан облысына алдағы уақыттарда Елбасының тапсырмаларына сәйкес, көптеген қаражат бөлінетінін мәлімдеді. Ол осынау сомалардың уақытылы, дер кезінде игерілуі қажеттігін аймақ басшысына түсіндіріп, барша әкімдерге бұл мәселеге мұқият жауапкершілікпен қарауды тапсырды. 

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

929 қаралым