Жарияланды: 11.09.2018

Ақ алтын артығымен жиналмақ

Жетісай ауданының әкімі Жамантай Бейсенбаев Ж. Ералиев ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында округ әкімі Қалмахан Ақышев атқарылған жұмыстар жөнінде баяндама жасады. 
Бүгінде аталған округте 14198 тұрғын бар. Яғни 2188 отбасы түтін түтетіп отыр. Мұндағы жалпы жер көлемі 9286 гектарды құрайды. Оның 7769 гектары егістік алқап саналады. Биыл округте 2958 гектарға мақта, 4811 гектарына бақша дақылдары егілген. Ералиев округінің мақташылары күзгі науқанда әр гектардан 29,4 центнерден бас-аяғы 8696 тонна ақ алтын жинаймыз деп отыр. Округ аумағында 12 мақта қабылдау пункті орналасқан. Жергілікті шаруаларға биылғы жазғы-күзгі дала жұмыстарына қажетті 1039 тонна жанар-жағармай мен 1138 тонна жеңілдетілген бағамен минералды тыңайтқыштар үлестіріліп берілген. 
2017-2018 жылдары округте Асықата кенті, Ж. Ералиев, Абай, Қызылқұм ауылдық округтері бағытында табиғи газ құбырының құрылысы жүргізілген болатын. Осыған орай округ бойынша 3 елдімекенді газбен қамту үшін 60 млн теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары жалғасуда. Бұдан бөлек, 5 елдімекенге ішкі газ жүйелерін жүргізуге шешім шығарылған. 
Сондай-ақ, биыл округке қарасты Арай ауылында 300 орындық мектептің құрылысы бастау алды. Бұл мақсатқа 989 млн теңге бағытталып отыр. Сонымен қатар, Бәйтерек, Абай ауылдарындағы Жүзтерек, Талапты, Ырысты көшелеріне тас және асфальт төсеу жұмыстары жүргізілген. 
Жиында округ тұрғындары аудан әкіміне өздерін толғандырып жүрген сауалдарын жолдап, сала басшыларының нақты жауаптарын алды.

 Жетісай ауданы әкімінің баспасөз қызметі

922 қаралым