Жарияланды: 12.09.2018

Бюджеттен 402 млн теңге қаржы бөлінген

Түркістан облысының Төле би ауданына ауызсу тартылып жатыр. Енді мыңнан аса түтіні бар Зағамбар ауылының тұрғындары тіршілік нәрінен тарықпайтын болады. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары салынған су құбыры әбден тозып, ауыл ауызсусыз қалған еді. Төле би ауданына қарасты Зағамбар ауылында 5 мыңға жуық тұрғын бар. Талай жылдан бері тіршілік нәріне тәуелді болған ауыл халқына ауызсу күніне бір сағат қана беріледі. Сол кезде барлық ыдыстарын толтырып алуға асығатын тұрғындар судың қадірін бір кісідей-ақ біледі. Барлығын үнемдеп, ысырап қылмауға үйренген. Биыл мамыр айынан бастап ауызсу тарту жұмыстары басталғанда, бөріктерін аспанға атыпты. Сатыбалды Қожаев, Зақамбар ауылының тұрғыны: «Күніне бір-ақ сағат су беретін. Жақсы жаңалық естіп жатырмыз. Рақмет». Зағамбар ауылына ауызсу тарту жұмыстарына бюджеттен 402 млн теңге қаржы бөлінген. Бүгінге дейін оның 212 млн-ы игеріліпті. Қазір бұнда 8 техника мен 35 адам тынымсыз еңбек етуде. Олардың 25-сі – ауыл тұрғындары. «Ертең құбырды жөндейтіндей жағдай болса, олар қай құбырдың қай жерде жатқанын бірден біледі. Бұл жөндеу жұмыстарын жеңілдетеді», – дейді құрылыс басшысы. Қайнарбек Субаев, құрылыс басшысы: «Жергілікті тұрғындарды алатын болсақ, олар жұмыс барысын бәрін білетін болады. Сметалық құжат бойынша 1006 тұтынушыға су тарту бекітілген. Аудан басшыларының бізге қосалқы тапсырмасы бойынша 30-40 жаңадан салынған үйлерге, жас отбасыларға да қосып беруді өз мойнымызға алып отырмыз. Сонымен 1050 абонент болады». Жауапты мердігер мекеме су құбырын әр үйдің ауласына дейін кіргізіп береді. Ары қарай үйінің ішіне тарту – әркімнің өз шаруасы. Қазір ауылға ауызсу тарту жұмыстарының 60 пайызы аяқталған. Мамандар қазан айына дейін толық бітіріп береміз деп уәде беріп отыр.
24.kz

1 029 қаралым