Жарияланды: 29.09.2018

Халықаралық форумда 1,7 млрд. АҚШ долларының меморандумына қол қойылды

«КӨНЕ ТҮРКІСТАН  – ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕР» атты Халықаралық инвестициялық жəне туристік форум аясында құны 1,7 млрд. АҚШ долларды құрайтын 19 меморандумға қол қойылды. Атап айтқанда, Түркістан облысы әкімдігі мен Иран, Түркия, Чехия, Ресей, БАӘ, Малайзия, Италия, Польша, Қытай мемлекеттерінің инвесторлары арасында келісімдер жасалды.

Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Иранның «Ardabil Petrochemical Co» компаниясымен жалпы құны 205 млн. долларды құрайтын Онкологиялық орталық пен мұнай өңдеу зауытын салу жөнінде меморандумға қол қойды. Сонымен қатар, қытайлық «Changchun Longyuan Power Equipment Co. LTD» компаниясымен Энергетикалық құрылғылар мен бұйымдар жасау жөнінде құны 648 млн. АҚШ доллары көлеміндегі уағдаластыққа қол жеткізілді. Ал Ресейдің «Green Land Alatau»  ЖШС-і 180 млн. АҚШ долларына жылыжай кешенінің құрылысын жүргізетін болды.

Форум барысында түзілген меморандумқа сәйкес, қытайлық «Shanghai Lianfu New Energy Science & Technology Group» компаниясымен 340 млн. АҚШ долларына күн энергиясымен жүретін электоавтобустар шығаратын зауыт құрылысын салу бойынша келісім түзілді. Сондай-ақ, Туркиядан келген «Dogus Insaat ve Ticaret A.S.» өндіріс орны жалпы құны 100 млн. АҚШ долларына инфрақұрылым саласындағы жобаларды жүзеге асыруда әріптестік танытса, ирандық «Faradid Meehan» компаниясы 5 млн. АҚШ долларына кірпіш зауытының құрылысын жүргізетін болды.

Бұдан өзге, Түркістанда өткен Халықаралық инвестициялық жəне туристік форум аясында Малайзия елінен келген «Nagasteel Equipment Sdn. Bhd.» компаниясы арасында 100 млн. АҚШ долларына өңірде инфрақұрылымды және өнеркәсіп саласында ірі жобаларды жүзеге асыру  бойынша меморандумға қол қойылды. Алқалы жиынға келген түркиялық «Sallyr Bey Group»  корпорациясы жалпы құны 15 млн. АҚШ доларына қой шаруашылығын өркендетуге бағытталған ферманың құрылысын жүргізбек.

          Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

998 қаралым