Түркістанда Елбасы «Біз бүгін Түркістанды жаңа облыс орталығы ретінде аяғынан тік тұрғызу мәселесімен жиналып отырмыз. Қазір мемлекеттік органдар Түркістанға көшіп, жұмыс істеп жатыр. Енді Түркістанды халықаралық деңгейдегі қалаға айналдыру үшін Үкімет пен облыс әкімдігі мына мәселелерге назар аударулары тиіс. Біріншіден, өңірдің қаржылық тұрақтылығын арттыру керек. Облыстан Шымкент қаласы бөлініп шыққаннан кейін бюжеті екіге бөлінді. Сондықтан бюджетті толықтыру үшін жаңа кіріс көздерін, бюджетті молайту жолдарын табу қажет. Екіншіден, жұмыспен қамтамасыз ету, кәсіпкерлікті дамыту мәселесі назарда болғаны жөн. Жұртшылыққа жаппай кәсіпкерлікпен айналысуды үйреткен жөн. Түркістандағы құрылыс алаңдары мен жұмыс орындарында өзіміздің жастар жұмыспен қамтылуы тиіс» деген Елбасы ауыл шаруашылығын одан сайын дамытып, өнімдерді өңдеп шетелге экспорттау міндетін жүктеді. Сонымен қатар, көлік-логистика қызметін дамытып, туризмге серпін беру керектігіне тоқталды. Түркістанды электр қуатымен, газбен, сапалы көлік жолдарымен, әлеуметтік нысандармен және ауыз сумен қамту мәселелерін шешу жөнінде де тапсырма берді. Баламалы қуат көздерін дамытуды жүктеді.
Актив мәжілісінде Қазақстанның Құрметті журналисі Байдулла Қонысбек Елбасының Түркістанға деген ерекше ықыласы мен қамқорлығына ел атынан алғыс айтса, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті Виктория Черкашина да жастарға мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауларға риза екендігін жеткізді.
Түркістанды дамыту жөніндегі алқалы жиында Мемлекет басшысы Түркістан қаласын түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде дамыту жөніндегі бас жоспардың тұжырымдамасын мақұлдау және «TURKISTAN» арнайы экономикалық аймағын құру жөніндегі тарихи Жарлықтарға қол қойды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі