Жарияланды: 30.09.2018

Түйе сүтінен сапалы ұнтақ өндірілуде

Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасында түйе шаруашылығын дамыту, сүт өнімін қайта өңдеп, сапалы құрғақ сүт өндіруге арналған семинар болып өтті, деп хабарлайды «Оңтүстік» арнасы. Кеңеске сала мамандары мен Түркістан, Жамбыл, Қызылорда облыстарының түйе шаруашылығы мен айналысатын шаруашылық басшылары қатысты. Сондай-ақ, бұл жиынға біздің облысымызда жаңадан ашылған құрғақ сүт өңдейтін «ГОЛДЕН КЭМЭЛ ГРУПП ЛТД» ЖШС зауытының өкілдері шақырылды.

Семинар-кеңестің күн тәртібінде түйе шаруашылығын дамытудың мүмкіндіктері және Түркістан қаласындағы сүт өңдейтін зауытты түйе сүтімен қамтамасыз ету мәселесі қаралды. Естеріңізге сала кетсек,    Түркістан қаласының аумағында 2017 жылы басталған құрғақ сүт өңдейтін зауыт  құрылысы бүгінде аяқталған. Оның  күндігіне 100 тоннаға дейін  сүт қабылдау мүмкіндігі бар. Зауыт Қытай Халық Республикасы мен Қазақстан Республикасының ынтымақтастық меморандум негізінде 2015-2019 жылдарға арналған индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде іске асыруға арналған 51 жобаның бірі.

Қайырбек Мейірманов — Созақ аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы «Зауыт Түркістан қаласының тұрғындарын жұмыспен қамтып, ауыл шаруашылығын дамытуға зор үлесін қоспақ. Қазірдің өзінде зауытта түйе сүтінен жасалған құрғақ ұнтақтың алғашқы партиясы өндірілген. Алдағы жоспарда диабетпен ауыратындарға арналған таблетка, косметика, түрлі йогурттар мен түйе етінен консервілер өндірілмек»

Зауыт толық қуатта жұмыс жасау үшін оған 5000-ға жуық сауын түйенің сүті қажет. Сондықтан, түйе сүтіне деген үлкен сұраныс болары анық. Бүгінгі семинарда түйе өсіретін шаруалармен осы мәселелердің жайы қарастырылды. Өз кезегінде шаруалар да өткізілетін өнімдерінің бағасы мен мемлкеттен берілетін жеңілдіктер жайына қанықты.

 

М.Атабек

 

1 341 қаралым