Жарияланды: 12.10.2018

Балаларды бірге қорғайық

Арыс Ақдала ауылдық округі С.Ерубаев атындағы жалпы орта мектебінде оқушылар арасында «Балаларды бірге қорғайық» тақырыбында кездесу өтті. Кездесу мақсаты – балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу және болдырмау, балаларды тұрмыстық зорлық-зомбылықтан сақтау, балалардың зорлық-зомбылыққа қарсы тұратын иммунитетін қалыптастыру. Оларға  қатысты зорлық-зомбылықтың қатаң түрде жолы кесілуі керек. Бүгінгі таңда кәмелет жасқа толмағандарға жыныстық қолсұғушылыққа қарсы жауапкершілік шараларын күшейтуге бағытталған бірқатар құқықтық нормалар қабылданды.    

 Жүргізілген талдау жұмыстары бойынша оның себеп-салдары анықталды. Олар: отбасы институтының әлсіреуі, қоғамның рухани-адамгершілік деңгейінің төмендеуі, денсаулық сақтау, білім, ішкі істер, органдарының өзара байланысының жөнді ұйымдастырылмағаны, мақсатты алдын алу жұмыстарының талапқа сай болмауы, зорлық-зомбылықты насихаттайтын интернет-сайттардың кері әсері, зардап шегушілердің виктимді (қылмысқа итермелейтін) жүріс-тұрысы, ішімдік ішу (зорлау бағытындағы әрбір екінші қылмыс ішімдікпен байланысты).

  Жасы кіші балалардың қылмыскерлердің құрбаны болуы алаңдатпай қоймайды. Ал зорлау деректері орын алатын жер мен тәсілдері өзгерген жоқ, яғни отбасында, көшеде, таныстардың зорлауы. Кей жағдайда кәмелетке жасы толмаған баланың ата-анасы өз бүлдіршіндеріне қатысты жыныстық қолсұғушылықтың бұзылу дерегін жасыру үшін тергеп-тексеру амалдарын жүргізуден бастартады. Олар бұл әрекеті баланың моральдық жағдайын ойлау деп түсінгенімен, екінші жағынан қылмыскер үшін тиімді екенін де естен шығаруға болмайды. Зардап шегушілердің көбі нашар отбасыларда тұрып жатқандар. Егер отбасында бұрын сотталған немесе ішімдікті көп ішетін, еңбекке қабілетті жаста болса да ұзақ уақыттан бері жұмыс істемейтін, диспансерлік немесе өзге де арнайы есепте тұрған жандар болса, отбасында өгей әке, асырап алған балалар болса, балалар қараусыз жүрсе бұл бағытта зорлық-зомбылыққа қарсы және өзге де құқықбұзушылық әрекеттерге қарсы алдын алу шараларын жүргізуге негіз бар. 

  Кәмелетке жасы толмағандарға қатысты жасалатын жыныстық қылмысқа талдау жұмыстары көрсетіп отырғандай, мұндай жағдайдың орын алуына негізінен ата-ананың баласына тиісті деңгейде көңіл бөлмеуінен туындауда. Соның нәтижесінде қылмыстың 25,3 пайызы балалардың көшеде қараусыз жүруі, 4 пайызы мектептен келе жатқанда, 3 пайызы жеке үйдің ауласында, 2 пайызы интернет арқылы танысу нәтижесінде болған. Негізінен мұндай қылмыс еш себепсіздіктен (32,2%), кездейсоқ таныстықтан (24,2%),  бірге ішімдік ішуден (21,1%), виктимді (қылмысқа итермелейтін) жүріс-тұрысқа (14,1) байланысты орын алған. Зорлау-зомбылық әрекеті көбінесе 5-14 жас аралығындағы балаларға қатысты жасалатынын да талдау нәтижелері көрсетіп отыр.

 Сондықтан бұл бағыттағы алдын алу жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу керек. Нақтылап айтсақ, ағартушылық және тәрбиелік бағыттағы тұрақты жұмыстар жыныстық қылмыстарды алдын алуға негіз болары анық. Ең бастысы бала өзінің өмірі мен денсаулығына қауіп туған жағдайда не істеу керектігін білуі керек. Ата-ана, балабақша, мектеп осы бағытта да тәлім-тәрбие бергені жөн. Жалпы алғанда мемлекеттік құрылым, ҮЕҰ, БАҚ-тың бірлесіп жұмыс істеуі бұл қылмыстың алдын алуға оң әсерін берері сөзсіз.

1 272 қаралым