Жарияланды: 14.10.2018

Отбасы және гендерлік саясат — тек әйелдер арасындағы жұмыс емес, бұл қоғамдық сипат

Біздің қазіргі қоғамымызда саясат деген мәселенің өзі жік-жікке бөлінеді және де олардың әрқайсысы бір-бір салаға бағытталған. Мысалы ішкі саясат елдің ішіндегі саяси мәселелермен айналысса, сыртқы саясат атынан айтып тұрғанындай сыртқы мәселемен айналысады. Сондай-ақ, әлеуметтік, экономикалық болып кете береді. Енді біздің құлағымызға соңғы жылдары гендерлік саясат деген мәселе дендеп еніп келеді. Біздің Ата Заңымыз «Мемлекетіміздің ең қымбат қазынасы – адам және оның өмірі» — деп басталады. Егер осы сөзден тармақтап алып қарайтын болсақ отбасы және гендерлік мәселе туралы айтылар сөз аз болмасы анық. Адам өмірінің қалыпты өтуі үшін, адамдар заман көшіне сай өмір сүруі үшін де соған байланысты саяси жұмыстар жүруі тиіс. Кейде отбасы және гендерлік саясат мәселесін тек әйелдер арасындағы жұмыс, тек соларға ғана телінетін шаруа деп қарайтындар бар. Тіпті ауылдық жерлердегі әйелдер кеңесінің жұмысын гендерлік саясатпен шатастыратындар да бар. Егер біз әріден алып қарасақ гендерлік саясатпен біздің қазақ халқы тіпті ежелден айналысқан. Айталық қазақтар жеті атаға дейін бір-бірімен қыз алыспаған. Мұндағы мәселенің арғы жағында текті бұзбау, қанды бұзбау мәселесі жатыр. Ал ген дегеніміздің өзі осы.
Сондай-ақ ағайындық ара қатынаста нағашы, құда, жиен, жезде, балдыз т.б.атаулармен атап, олардың бірін бірі қалай құрметтеуі керектігіне, тіпті шектен шықпайтындай етіп белгілеп қойғандай. Отбасында аталған ағайын арасындағы қарым-қатынасты да дәріптеп, ұлығылап, биіктетіп, сыйлайтындай, қадірлейтіндей, реті келсе әзілдейтіндей етіп жол салып қойған секілді. 

Кешегі кеңестік заманда еркектер мен әйелдердің құқықтарын теңестіруге күш салынды. Бірақ та ақиқатында еркектердің десі басым болып жатады. Бұл біздің халқымыздың қанына сіңген қасиет. Рас әйел мен еркектің терезесі тең. Біздің зиялыларымыз әйелдің көзін ашуды, әйелді көп оқытуды көп айтып кеткен. Олар адамшылшықтың негізі әйелде жатқанын ұғып, ұрпаққа жақсылық тарап, адам баласына пайдасы тисе екен деп тілеген. Жалпы теңдік деген дұрыс ұғым.Бізде 2006-2016 жылдарға арналған гендерлік теңдік стратегиясы бекітілген. Онда негізінен әйелдердің әлеуметтік, моральдық мәртебесін көтеруге көбірек маңыз берілген. Бірақ мәселені қанша еркек басшы болса, сонша әйел де басшы болуы керек дейтін мәселемен шешіп тастау мүмкін емес.  Бірақ қазір Қазақстандағы мемлекеттік гендерлік теңдік саясаты тек өтпелі кезеңді бастан кешіп отырған секілді. Әзірше республикада әйелдердің саяси және әлеуметтік-экономикалық әлеуеті сұранысқа ие бола алмай келеді. Сондықтан жергілікті жерлерден бастап отбасылық әлеуметтік мәселелердің шешілуіне бас назар аударылса екен, әйелдерге неғұрлым сенім артылса екен дейміз.
Осылайша «Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асыруға бағыт алған тап осындай үдерісті кезеңде ұлтымыздың даңқын аспандатып, тектілігімізді жан- жаққа таныту үшін гендерлік саясат мәселелерінің түйткілдерін бірлесе шешуге атсалысуымыз қажет деп есептеймі3.

1 344 қаралым