Жарияланды: 16.10.2018

Түркістан облысында «Балаларға бірге көмек берейік!» атты ұранмен акциялар өтті

Мақтаарал ауданы Абылайхан атындағы жалпы орта мектебінде «Балаларға бірге көмек берейік!» атты ұранмен акциялар өтті.  Мақтаарал ауданы білім бөлімі және «Kaz sapa invest» ЖШС-нің демеушілігімен Абылайхан жалпы орта мектебінде оқитын аз қамтылған 65 оқушыға, Мырзакент кенті әкімдігінің қолдауымен аз қамтылған 15 оқушыға әлеуметтік көмектер жасалды. Ауданның мәслихат депутаты, Абылайхан атындағы жалпы орта мектебінің директоры Бауыржан Абиловтың және мектеп ұжымының қолдауымен көмекке мұқтаж тағы 35 оқушы анықталып, оларға оқу құралдары үлестірілді.

«Жақсылыққа — қайырымдылықпен, мейірімділікке — ізгілікпен, достыққа — адалдықпен жауап беретін ұлттың ұрпағымыз. Сондықтан, біздің ұжым министрлік бастаған бұл акцияны әруақытта қолдап, түрлі деңгейде қайырымдылық акцияларын өткізіп келеді. Аз қамтамасыз етілген оқушылардың жүзінен қуаныш көру – ол біз үшін бақыт!» — деді Б.Абилов.

Айта кетейік, жалпы қайырымдылық акцияларына 1 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалды. Соңында «Қайырымдылық – жылы жүректен» атты қорытынды концерт өтіп, іс-шара барысында мектеп оқушылары мен ата-аналардың жүрегіне жылулық ұялады.

1 073 қаралым