Түлкібас поселкесінің Мәдениет үйінде мүмкіндігі шектеулі балалар Қарттар күніне арнап мерекелік концерт ұсынды. Олардың өмірге деген құлшынысы, сахнаға батылдана шығып, ән айтып, би билеуі қария аталар мен апаларымызды сүйсінтті. Қаншама жүріп-тұруы қиын болса да, әлеуметтік қызметкерлердің көмегі арқылы көпшіліктің алдында шығармашылық өнерлерін көрсетуі – расында көрерменнің ет-жүрегін елжіреткен еді. Мерекелік іс-шараны ұйымдастырған «Халыққа қызмет көрсететін аудандық аумақтық орталығы» ККМ-інің ұжымы. Ондағы мамандар мен әлеуметтік қызметкерлер әрбір балаға назар аударып, барынша болашағына көңіл бөліп, бүлдіршіндер мен жасөспірімдердің бойында бұғып жатқан қабілеттің сыртқа шығуына, оны халыққа танытуға атсалысып жүруі нағыз патротизм деуге болады. Баланың күтімі бөлек те, оның қарым-қабілетін шыңдай білу, жетілдіру – ол өз алдына қыруар маңдай терді төгуді талап ететін еңбек емес пе? Мінекей, соншама дайындықтардан өтіп, олар сахна төрінде тұр. Бірінің көңілінде қобалжу, енді бірінің жанарында мақтаныш бар. Қайсысы болса да, өмірге деген ұмтылысының жоғары екені қайсарлық танытқан рухынан байқалады.
Іс-шараның ашылуында сөз алған Түлкібас поселкесі әкімінің кеңесшісі Дулатбек Кенжеев, «Халыққа қызмет көрсететін аудандық аумақтық орталығы» КММ-інің директоры Майра Түкербаева, аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Ақсұлу Шәменқызы, Түлкібас поселкелік әжелер алқасының мүшесі Пістегүл Атымтаева балалардың шеберлігіне алғыстарын білдіріп, жиналған көпшіліктің білдірген қошеметіне ризашылықтарын жеткізді. «Үкілі үміт» облыстық өнер байқауының жүлдегері Нұрай Абилхасым «Қуыршақ барби» биін билегенде, отырған жұрт ырзалықпен ду қол шапалақтады. Мұнан соң, арбада отыратын жасөспірім Ернар, Датжан, Жамал есімді балалар жетекші апайларының сүйемелдеуімен вальс биін биледі. Сондай-ақ, Ернар мен Датжанға Зейноллах қосылып М.Мақатаевтың «Көнеміз ғой қайтеміз» атты әнін шырқап, көрермендердің көңілін толқытты. Ал, Аулым Асқарқызы болса, «Павлин» биін, Анеля Хасенова «Моя земля» әнін орындап сүйсінтті. Айта берсек, мүмкіндігі шектеулі балалар арасында өнерлі балалар көп. Айта кетейік, дәл осындай іс-шара Келтемашат ауылындағы Ш.Уәлиханов атындағы жалпы орта мектебінің акт залында өткен болатын. Мұнда да жиналған көрермендер балалардың өнеріне тәнті болды. 18 жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі балалардың бөлімше меңгерушісі Кәмшат Дүйсенбиева жетекшілік еткен концертті тамсана тамашалаған жұртшылық ұжымға алғыстарын жаудырды. Сондай-ақ, өнері өрге жүзген балаларға Келтемашат ауылдық округі қоғамдық кеңесінің қоғамдық төрағасы Әбілдабек Керімқұлов, аудандық мәслихат депутаты Әбдімүтәліп Сапаров тілектерін білдіріп, батасын берді. Балаларға жанашырлық танытып, демеуші ретінде сый-сияпат жасаған ағалар да болды.