Жарияланды: 16.10.2018

Түркістан облысыда 18 кәсіпкер әйел 39,5 миллион теңге көлемінде грант иеленген

Биылдың өзінде бір ғана «Бизнестің жол картасы -2020» бағдарламасы аясында Түркістан облысы бойынша 18 кәсіпкер әйел 39,5 миллион теңге көлемінде грант иеленіпті. Жетістікті өткенмен өлшейтін әдетіміз емес пе? Бұл алдыңғы жылдармен салыстырғанда екі есеге артық көрсеткіш. Жаңадан кәсібін ашуды алдына мақсат етіп қойған әйелдер түрлі инновациялық жобаларды ұсынуына болады. Егер жоба тиімді деп табылса грант алуға мүмкіндік мол. Ол үшін кәсіпкерлерге кеңес беру орталығында оқу-тоқудан өтіп, бизнес жоспар жасауды, маркетингтік зерттеу жасауды үйреніп біраз белесті бағындыруға тура келеді. Әрине әлемде жоқ керемет жоба ойлап тап деп күштеп жатқан жан жоқ. Дегенмен ертеңгі күні мол табыс түсіретін ілкімді жобалар жерде қалмайтыны анық. Осы орайда кәсіптің көзін таппай, неден бастарын білмей жүргендерге оң бағыт көрсететін  «Ontustik» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының филиалы бүгінде көптеп көмек беруде. Облыстағы барлық аудан-қалаларда аталған орталықтың филиалы жұмыс істеуде. Осында оқып, сертификат алған тыңдаушылардың 40 пайызын нәзікжандылар құрайды. Жыл басынан бері «Оңтүстік» аймақтық инвестициялық орталығы 386 кәсіпкер әйелге 1 млрд. 23 миллион теңге көлемінде несие беріпті. Бұл өз кезегінде өндірісті өркендету үшін үлкен қолдау екені анық. Алма Архабаева, ОҚО кәсіпкерлер палатасы жанындағы іскер әйелдер кеңесінің төрайымы: «Бүгінде ел әлеуетінің артуына үлес қосып жүрген аруларымыз жетерлік. Қай сала болмасын олар әрдайым алдыңғы шепте. Кәсіпкер әйелдер қатары артып келеді. Оларға әрдайым қолдау көрсетсек өз істерін ілкімді жүргізуге деген құлшыныстары зор».

1 187 қаралым