Жарияланды: 20.10.2018

Қырман толды…

Бүгінгі таңда Түркістан облысындағы Шардара ауданы бойынша егілген 1115 гектар күріштік алқапқа орақ түсіп, оның 530 гектары жиналып үлгерді. Қырманға 3720 тонна күріш салысы жиналды. Аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің мәліметі бойынша биыл күріштің орташа өнімділігі гектарына 70,2 центнерден айналуда. Орақ соңына дейін өнімділік көлемі тағы да арта түспек.

 Әдеттегідей Ұзын ата ауылының диқандары да күріш орағына белсене кірісіп кеткен. 20 гектар күріштік алқаптың жартысына жуығын орып үлгерген «Айткүл–Атақоныс» фермерлік шаруашылығында тұрмыз. Қожалық төрағасы, ауыл биі Рахымберді Айтмырзаев пен осы ауылдың ауыл шаруашылығы саласында ұзақ жылдар қажырлы еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан ел ағалары Пердебай Қаппаров, Мұрат Нұрпейісов, бүгінгі таңда «Қазмақта» ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-інің аудандық филиалының бас агрономы Жұмахан Дүйсенов сынды азаматтар иіліп тұрған күріш масақтарын аялай сипап, бітік шыққан дәндеріне сүйсіне қарайды.

Бұл «Мустахиллик» деген өзбекстандық сорт. Кезінде ауылымыздың басшысы, майталман күрішші Нартай Сапаров ағамыз арнайы барып, Ташкенттегі ғылыми-зерттеу институтынан 2-3 түрлі тұқым сортын әкелген еді, – дейді Жұмахан Дүйсенов.

– Тәжірибе ретінде әкелген сол тұқымдардың ішінен осы сорт біздің өңірге тез жерсініп кетті. Өнімділігі жақсы, табиғатымызға бейім болғандықтан, «Мустахиллик» тұқымын көбейтіп, жаппай пайдалануға көштік. 125-130 күнде пісетін бұл сорттың өнімділігін 90 центнерден айналдырып, одақ бойынша атымыз шығып, дүркіреген кездерді қалай ұмытамыз…

Әділ ӘБДІРАМАНОВ. «Оңтүстік Қазақстан»

 

1 124 қаралым