Жарияланды: 20.10.2018

Ісі оңынан туған кәсіпкер

«Хавет» шаруа қожалығының төрағасы, Түлкібас ауданы Жыланды ауылының тұрғыны Зейнулла Ахмедов нағыз еңбек адамы. Ешқашан ерінбей-жалықпай, бәрін ережеге сай тиянақты атқаратын адам. Кіре-беріс ауласынан-ақ тәртіптің, істің адамы екені көрініп тұр. Зейнулла ағаның қорасында бордақыға арналып алынған 25 бас ірі қара малы бағулы. Малға азық болатын бидайды өз алқабынан егіп әкеледі. Жем-шөбін қыздың жасауындай, шашау шығармай жинап қойған. Осыған дейін мектепте жұмыс істеген, кезінде Семей полигоны аймағында әскер қатарында болғандықтан, зейнетке ерте шығып, қазір мал шаруашылығымен айналысуда. Мал қорасы таза, тетікті басса болды, су сарылдап келіп тұр, жем-шөбі алдында, артығы таудай болып іргеде жиюлы, ол кісі өз шаруасын қалай басқарудың кілтін, істің жүргізу механизмін оңай меңгеріп алған сияқты. «Мен аудан әкімі Нұрбол Тұрашбековке ерекше алғысымды білдіремін,- деді сосын. – Былтыр ауылымызға келіп, шаруамызбен танысты, өтініш-тілектерімізді тыңдады. Мен несие алу жайын айттым, көп ұзамай оған да қол жеткіздік.  Міне, қазір өздеріңіз көріп отырғандай, кәсіпті бастап та кеттік. Әр алты ай сайын бордақыға өткіземін, несиені біртіндеп төлеп, шетінен құтылып келе жатырмыз». Мал баққанға бітеді деген, ата кәсіп болса да, оның қыр-сыры көп. Біріншіден, ынта-ниет керек, екіншіден әрекет етіп, қолыңнан келетін істің көзін табу керексің, үшіншіден ынсап пен берекеге тоқтай білу керек. Адамның бойында мақсат, жауапкершілік, еңбекқорлық, құлшыныс, қанағатшылдық болған кезде – табыс келеді екен. Осындай жетістіктерді бағындырып келе жатқан Зейнулла аға алдағы күндері бордақы малды қабылдап алатын арнайы цехтар болса деп армандайды. Жастардың ауылға тартылғанын қалайды. «Ауыл деген аты болмаса, қазір ауылда бәрі бар, су, газ, электр жарығы үздіксіз беріледі. Тек интернет жоқ, ол да бір күні тартылады деген үміттемін. Жастарға айтамын, қалаға барып арба айдағаннан не ұтасың, тапқаның шайлығыңа жетпей, кешке шаршап құлайсың. Одан да ешкімше алақан жаймай ауылға кел, шаруаны істе, еңбек ет, егін ек, мал бақ, жемісін көр. Табысыңды арттыр» дейді. Ісі оңынан туған кәсіпкер азаматтың әңгімесы осындай.

 

1 149 қаралым