Жарияланды: 21.10.2018

Территориялық аумақты дамыту басты назарда

Елбасы жолдауында айтылған басым бағыттардың бірі – территориялық аумақты дамыту, деп хабарлайды «Хабар 24″. Қазір Түркістан облысы осы үдерісті басынан кешіріп отыр. Жаңадан құрылған өңірде жолдау жүктеген міндеттер жетерлік. Жаңа құрылған облыста ең алдымен қай салаға басымдық берілуі тиіс?  Ол үшін аймақта қандай жобаларды жүзеге асырған тиімді? Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының сарапшылары осы сұрақтың жауабын облыстық ішкі саясат басқармасымен бірлесе отырып іздеп көрді. Елбасы жолдауы жарияланғалы бері стратегиялық зерттеулер институты сарапшыларының бұл өңірлерге алғаш келуі. Олардың бірінші Тұран даласын таңдауының өзі тегін емес. Өйткені Түркістан өңірі – еліміздегі жаңадан құрылған облыс, әрі халқы ең тығыз орналасқан шекаралы аймақ. Жиында киелі өңірді Елбасы жолдауында айтылғандай етіп дамыту жайына басымдық берілді.

Бейсенбай Тәжібаев, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы: «Жолдауды жүзеге асыру үшін біз осы инстиуттармен бірлесіп жұмыс жасап жатырмыз. Әзірге жобаларды ұсынып отыр. Мұның барлығы қазір басымдық беретін салаларға сұранып тұр. Сондықтан институт осы біздің өңірдегі нақты жүзеге асыруға тиіс жобаларды, тақырыптарды халық пен тығыз жұмыс жүргізуді біздің мамандарымызға, әлеуметтанушыларға өз тәжірибелерімен бөлісіп отыр».

Сарапшылардың пікірінше, Елбасы жолдауы біреу болғанымен, оның өңірлерде іске асырлуы сан қилы. Себебі, жолдау жүктеген міндеттер әр өңірдің экономикалық һәм әлеуметтік жағдайына қарай өзгеріп отырады. Осыны ескерген мамандар: «биылғы жолдау жаңадан құрылған Түркістан облысының дамуына тың серпін береді», – дейді. Өйткені аталған өңір ел дамуын нақтылаған құжаттағы территориялық аумақты дамыту бағдарламасын жүзеге асыруға өте ыңғайлы.

 Алуа Жолдыбалина, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ бөлім басшысы: — Себебі, Түркістан қаласы облыс орталығы деген мәртебесін алды. Бұл территориялық дамудағы үлкен өзгеріс деп білеміз. Бұл жерде Түркістанның облыс орталығы ретінде әлеуметтік-экономикалық дамуы өте жоғары болады. Сонымен қатар бұл Түркістанның айналасындағы елді мекендерге де өзінің жақсы әсерін тигізеді.

 Сондай-ақ Елбасы өз жолдауында облыстың алыс аудандарында бұқаралық спортты дамыту, халық ең тығыз орналасқан шекаралық аймақтың әлеуметтік мәселелеріне бағытталған жобаларды жүзеге асыруды тапсырды. Осыған орай облыстың Созақ ауданында 10 спорт алаңы мен бір заманауи спорт ғимараты пайдалануға берілді. Осылайша теріскейліктер алғашқы болып, Елбасы айтқандай, халықтың 30 пайызын бұқаралық спортпен қамтуға қол жеткізді. Білікті сарапшылар өңірдегі нақты жобаларды іске асыру үшін алдағы уақытта да осындай жиындар өткізіп тұратындарын жеткізді. Өйткені келісіп пішкен тон келте болмайды

1 260 қаралым