Жарияланды: 29.10.2018

Уақыт талабына сай қадам

Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына ұсынған бес әлеуметтік жобасы жастар арасында да қызу талқылануда. Мәселен, «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жа­тақханадағы жағдайын жақсарту» атты үшінші бастамасы жастар үшін жасалған алғышарттың бірі екені сөзсіз. Жыл сайын бөлінетін 54 мың мемлекеттік грантқа қосымша 20 мың грант қосу жастарға жасалып отырған зор мүмкіндік. Оның 11 мыңы техникалық мамандықтар бойынша бакалаврлық білім беруге тиесілі.
Үндеуде «Бұл төртінші өнеркә­сіптік революция жағдайындағы жаңа экономикада зор сұранысқа ие болатын сан мың жаңа маманды даярлауға мүмкіндік береді. Мұнда ең алдымен инженерлер, ақпараттық технология, робот тех­ни­касы, нанотехнология саласы­ның мамандары туралы сөз болып отыр.
Бұл да жастарға мемлекет қам­қорлығының айқын көрінісі.Сонымен бірге техникалық және ауыл шаруашылығы маман­дықтары бойынша барлық жоғары оқу орындары гранттарының құнын ұлттық жоғары оқу орын­дарының гранттары деңгейіне дейін көтеру керек.
Аталған шаралар орта мектеп түлектерін жоғары біліммен неғұрлым көбірек қамтуға мүмкіндік береді, бұл – жалпы әлемдік тренд» деп нақты атап көрсетілген. Шын мәнінде, компьютер жөндеу шеберлері, телефон, радио құрылғылары мамандары және т.б. сұранысқа ие салаларға көбірек көңіл бөлінгені дұрыс.
Жастарды қуантқан тағы бір жағымды жаңалық – жатақхана мәселесі. «Қазір жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттерін жатақханамен қамтамасыз ету мәселесі өте өзекті. Бұл міндетті шешу үшін жоғары оқу орындары, колледж­дер мен девелоперлік компаниялар мемлекет пен жеке­меншіктің серіктестігі қағида­сымен жатақхана салуды бас­тауы керек. Мемлекет өз тарапынан Білім және ғылым министрлігі арқылы жатақхана құрылысына жұмсалған инвестициялардың белгілі бір бөлігі біртіндеп қайтарылуына кепілдік береді.
2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап кемінде 75 мың орындық жаңа жатақхана салуды тапсырамын. Бұл алдағы жылдарда өсе түсетін сұранысты ескергеннің өзінде жатақхана тапшылығын біржола шешеді» дей келе, Елбасы тиісті орындарға жатақхана салуды тапсырды. Бұл болашақ маманның жан-жақты білім алуына мол мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысының жас­тар мәселесін үнемі назарында ұстауы бізге зор сенім ұялатады. Еліміздің болашағы үшін, өсіп-өркендеуі жолында сапалы білім алып, аянбай еңбек ететінімізге сенімдіміз.

1 116 қаралым