Ана мен бала денсаулығы медицина саласының ең өзекті әрі көкейкесті мәселесі екені анық. Керек десеңіз, бұл ұлт байлығы. Халқымыздың баянды болашағы, мемлекетіміздің ертеңгі жарқын күні бұл ана мен бала денсаулығының қандай болмағына тікелей байланысты.
Ана мен бала өлімі тек Қазақстанда ғана емес, әлемнің барлық елдерінде кездесетін жағдай. Оның алдын алу үшін кешенді шараларды әрі тиімді шараларды атқаруымыз керек. Негізгі себептердің бірі ретінде біз ананың жүктілік кезіндегі денсаулығының нашарлауын, оның бойындағы кейбір ауру түрлерінің асқынуы.Айналып келгенде бұл мәселе ананың жүктілікке дейінгі және жүктілік кезіндегі денсаулығына тікелей байланысты. Егер де әйел адам өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, жүктілікке алдын ала дайындалып, өз денсаулығына жүктіліктен кейін де тиісті дәрежеде мән беретін болса, өкініш тудыратын жағдайлар аз кездесер еді. Медицина ғылымында «экстрагенитальді аурулар» деген термин бар. Бұл – жүрек қан-тамыр жүйесінің, бүйрек пен бауыр және де басқа ағзаларда кездесетін ауру түрлері. Әсіресе жүктілікке дейін болған, сондай-ақ жүктілік барысында, босануда, босану кездерінде асқынған экстрагенитальді аурулар ана өліміне әкеп соқтырып жатады.
Денсаулықта, ағзада анықталған қандайда да бір ауытқушылық оның қызметінің бұзылуына себеп болып, ананың да, баланың да қалыпты дамуына айтарлықтай залалын тигізеді. Сондықтан, ана мен бала және болашақ аналар дәрігердің жіті бақылауында болуы тиіс.