Жарияланды: 31.10.2018

Тәрбиенің мықты іргетасы отбасында қаланады

«Басында бұлағы бар өзен ұзақ ағады» демекші, тәрбиенің мықты іргетасы отбасында қаланады. Газетіміздің өткен сандарында бесікке қатысты біраз мағлұматтарды — бала өміріндегі бесіктің пайдасын, маңызын жан-жақты түсіндіріп өттік. Бесікке қатысты, яғни ана мен баланың арасындағы тағы бір байланыс — бесік жыры деуге болады. Бесіктегі баласына ана әлдиін, бесік жырын айтпаған қазақ әйелі жоқ шығар. Жалпы, бесік жыры жайлы не білеміз? Баласына не себепті бесік жырын айтқан, оның маңызы неде? Көпті көрген апалар бесік жырының маңызы жайлы былай дейді.

Әтіркүл Сатыбалдиева, 65 жаста, зейнеткер

Бесікке бөленіп өскен баланың бір ерекшелігі — бесігін аңсап тұратындығында. Ондай бала өзінің бесігіне жатпаса, мазасызданып, ұйықтамай қояды. Бала әбден тойған сәтте анасы бесікті жайлап тербете отырып, бесік жырын айтатын болған. «Қазақтың 3-4 жасар баласының тілі жатық, ал 5-6 жастағы балалар шешен әрі тауып сөйлейді, ойын ұтымды жеткізе біледі», — деп таңдана жазған екен жер аударылып келген поляк революционері А.Янушкевич өз естеліктерінде. Әйгілі Затаевичтің «Бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай…» деуінің астарында көп сыр бар. Ал мұның басты себебі баланың бесік жырын тыңдап өскендігінде жатыр.

Бесік жыры — балаға берілетін алғашқы тәрбие. Өйткені баяу ырғақпен айтылған анасының әлдиі туғаннан баланың құлағына сіңеді. Бесіктегі баланы әннің ырғағымен тербетеді. Бесік жырының тұрақты нұсқасы жоқ.

Әлди, әлди, ақ бөпем,
Ақ бесікке жат, бөпем,
Бармақтарың майысып,
Түрлі ою ойысып,
Шебер болар ма екенсің?!
Таңдайларың тақылдап,
Сөзіңді жұрт мақұлдап,
Шешен болар ма екенсің?!

1 556 қаралым