Жарияланды: 10.11.2018

Ақсақалдар жас ұрпақ тәрбиесіне өз үлестерін қоспақ ниетте

Түркістандық ақсақалдар зейнет жасына шықса да қол қусырып отпақ емес. Өйткені, жастарға айтар өсиеті бар. Қалада облыстық ақсақалдар алқасының бастамасымен қала әкімдігі тарапынан қолдау тапқан тың жоба іске асырылмақ. Бұл — ұлттық салт-дәстүрімізді дәріптеп, қоғамдық жұмыстарды жүргізу, қоғамдағы тұрақтылықты сақтау мәселелеріне ықпал етуге бағытталған.

Қариялардың тілегі мынау — қоғамның өзін-өзі басқаруын қамтамасыз ету мақсатында қаладағы мөлтек аудандарды ішінара тоғыз немесе он аумаққа бөлу. Олардың әрқайсысына бір-бір ақсақалды би ретінде сайлауды ұсынып отыр.Осылайша, олар аудандарда көше комитеттерін құруға кіріседі. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, осылайша қала тұрғындарының игілігі үшін әртүрлі қордаланған мәселелер шешімінің табылуына жол ашылмақ.

Бұл бастама өз кезегінде балалар тәрбиесін оң жолға қойса, екінші кезекте отбасы тұрақтылығын сақтайды. Яғни, ажырасуды қалаған ерлі зайыптылар мәселесі де аталмыш ұйымның алдынан өтетін болдады. Қариялар өз кезегінде, жас ұрпаққа көргені мен көңілге түйгенін тарқататын болады.

1 103 қаралым