Жарияланды: 11.11.2018

Жастармен өткен келелі кездесу

«Қылмыс пен құқықбұзушылыққа нөлдік төзімділік». Осындай атаумен облыстық отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасы мен «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің мұрындық болуымен алқалы жиын болып өтті. Мақсат —  жастар мен жасөспірімдер арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, құқықбұзушылық және діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу. Іш-шараға мектеп директорлары, психолог мамандар, имамдар, жастар және мектеп оқушылары бас қосты.

Бейресми деректерге сүйенсек, ата діннен алшақтап, жат ағымның жетегінде кеткен жастардың дені психологиялық жәрдемге зәру жандар. Олар қоғамнан жылу іздеп, өзге діннің өкілдерінің сөзіне еріп, басын жарға ұрады. Осылайша діни сауаттың төмендігі мен күш жігерінің әлсіздігі салдарынан опық жейді. Бүгінгі таңда, осы олқылықтардың алдын алу мақсатында арнайы ақпараттық топ пен арнайы мамандар жұмыс жасайды. Олар аңдаусызда қиыс қадам басқан жандардың бетін бері қарату үшін аянбай тер төгуде. Шарада жастарға психологиялық қолдау көрсетіп, сұрақтарына мамандар тарапынан тұшымды жауап қайтарылды.

1 116 қаралым