Жарияланды: 06.12.2018

Отбасы – біздің қоғамымыздың құндылықтарын сақтаудың аса маңызды институты

Фрэнсис Бэкон «Отанға сүйіспеншілік отбасынан басталады» деп айтқандай, шаңырағының астында іргетасы мықты, тұрмыс жағдайы жақсы отбасын құратын, бақытты да дені сау балалар өсетін Қазақстан халқы әрі қарай да қарыштап даму үшін дәл осы ұранды ұстанады деп ойлаймын.  Отбасы – адам баласының өсіп-өнер, қаз тұрып, қанат қағар ошақ қасы, алтын бесігі ғана емес, ол–шағын мемлекет. Отбасы – әлеуметтік қауымдастықтың бір түрі. Ал, отбасы тәрбиесі – ұлттық тәрбиенің негізі болып табылады.

Қашанда еліміздің басты құндылығы – адам, оның қадір-қасиеті, игіліктері мен құқықтары, амандығы мен заңды мүддесі дейміз. Соған орай әр азамат туғаннан бастап әлеуметтік және басқа да игіліктерге сөзсіз әрі тең тұрғыда еркін қол жеткізе алуы тиіс, ал бұл әр азаматтың саламаттығына, сапалы білім алуына, жұмысқа орналасуына, лайықты жалақы алуына, жеке баспанасының болуына, отбасын құруға, өз балаларының болашағын қамтамасыз етуіне мүмкіндік береді.  Ол үшін заңның талапқа сай болуы, халыққа қызмет көрсетудің мінсіз жүргізілуі, мемлекет алдындағы аса қажетті міндет.
         Отбасы – біздің қоғамымыздың құндылықтарын сақтаудың аса маңызды институты. Ұрпақтар сабақтастығы, жасы үлкендерге құрмет көрсету, балаларға қамқор болу, өзара қолдау дәстүрі, еңбексүйгіштік пен білімге құштарлық тек отбасында қалыптасады. Ел Президентінің «Отбасы күні» ұлттық мейрамын бекітуі мұндай саясаттың жүргізілуіне дәлел.

 Осы мақсатта барлық аудан, қалада  «Отбасы-бақыт мекені» апталығы атап өтілді. Отбасы күнін тойлау бірінші кезекте некенің оң имиджін қалыптастыруға, ана болудың, әке болудың және балалық шақтың қоғамдық маңыздылығы мен мәртебесін арттыруға, отбасылық құндылықтар мен дәстүрлерді насихаттауға, отбасы беделін арттыруға бағытталған. Бұл үшін көші-қон саясатында отбасының өмір сүру жағдайларын жақсарту, неке-отбасы қатынастарын нығайту, түсіндіру және насихаттау жұмысын жүргізу бойынша мемлекеттік органдардың міндеттеріне елеулі рөл беріледі. Біздің қоғамның жақсы жағы отбасы маңыздылығын, өскелең ұрпақты тәрбиелеуде оның рөлін, қоғамдық тұрақтылық пен прогресті қамтамасыз етуді түсінуі, отбасы мен балалардың мүдделерін есепке алу қажеттілігін мойындауы болып табылады.

Әлия Биболова, Түркістан облыстық отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқарманың отбасы ісі және адамгершілік-рухани дамуы жөніндегі бөлімнің бас маманы                 

1 263 қаралым