Жарияланды: 07.12.2018

Балалар мен ата-аналар қуанышқа бөленді

Шардара ауданы Алатау батыр ауылының бүлдіршіндері енді мектепке дейінгі тәрбие мекемесімен қамтылатын болды. Жаңадан пайдалануға берілген балабақша 25 балаға лайықталған. Жеке кәсіпкердің қаржысына салынған ғимарат заман талабына толықтай жауап береді.

 Шардара ауданы Алатау ауылдық округінде  9 мыңнан астам тұрғын бар. Бұған дейін  290 баланы қамтыған мемлекеттік 2 балабақша жұмыс істейтін. Бірақ бұл ауылдағы балабақша сұранысын толық қамтамасыз етпеген. Осыны негізге алған жеке кәсіпкер балабақша салуды қолға алды. Сөйтіп Тұңғыш Президент күні қарсаңында мектепке дейінгі тәрбие мекемесінің ғимаратын пайдалануға берді.

Ауыл тұрғындары  үшін  бұл-үлкен қуаныш. Енді балаларын балабақшаға беріп алаңсыз жұмыс істеуге мүмкіндік туды.  Заманауи үлгіде салынған мектепке дейінгі білім беретін мекеме  25 балаға шақтап салынған. Бөбекжайда жасы 2-ге толмаған бөбектер тәрбиеленеді.  Мұнда  7 маман балаларға тәрбиемен қатар білім беруді  қолға алған. Гүлайым Ағментайқызы — балабақша құрылтайшысы: — Игі бастамада бұл жоспармен тоқтап қалғым келмейді. Қосымша шағын балабақшаларды іске асыру жоспарда бар. Осы күнге дейін атқарған қызметімнің тәжірбиесінің нәтижесінде еліме үлес қосамын, -дейді.

«Қаламқас ана» балабақшасының іші жылы, ауласы кең, мұнтаздай тап-таза. Ашылу салтанатына немерелерін ерте келген ауыл тұрғындары нысанды аралап көріп, ұжым  жұмысына оң бағасын берді. Алдағы жылдары бала санының өсуіне байланысты қосымша ғимарат салу жоспарда бар.

1 008 қаралым