Жыл сайын әлемде қарашаның үшінші аптасында ерте туылған балалардың халықаралық мерекесі аталып өтеді. Айтулы датаға орай, Түркістан облысында айы-күні жетпей туылып, түрлі қиындықты артта қалдырған балдырғандар мен ата-аналар шат-шадыман күйге бөленді. Бұл «шалабайлар» бірнеше жыл бұрын 500 грамм салмақпен туылған. Қазір есейіп, тәтті қылықтарымен ата-аналарын қуантуда. Халықаралық шала туылған балалардың мерекесі көптеген ата-аналар мен балалардың басын қосты. Тағдырлас балақайларға дәрігерлер би билетіп, түрлі сыйлықтар үлестірді. Мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Мәселен, жыл сайын №4 перинаталдық орталықта жылына 8000-ға жуық нәресте дүниеге келеді. Олардың 400-ге жуығы мерзімінен бұрын туылған балалар. Статистикалық мәліметке сүйенсек, уақытына жетпей туылған шақалақтардың 86 пайызға жуығы аман қалады. Инна Глазебная, «Ана мен бала денсаулығын қорғау» бөлімінің басшысы:
—Біз бұл мерекеде мерзімінен бұрын туылған балалар мен ата — аналарына қамқорлығымызды көрсеткіміз келеді. Олар қоғамдағы орнын тапса дейміз. Статистикалық мәліметтер бойынша жылына 15 миллион бала ерте туылады екен. «Шалабайлардың» өмірін сақтап қалу үшін медицинада технологиялар жаңарып, дәрігерлердің біліктілігін арттыру бойынша жұмыстар қарқынды жүргізіліп келеді.
Перзентхана қызметкерлері шала туылған нәрестелердің халықаралық күнін атап өтуді дәстүрге айналдырған. Себебі осы перинеталдық орталықта көбіне мерзіміен бұрын туылған сәбилер дүние есігін ашады. Ал, олардың өмірін аман сақтап қалып, дені сау етіп жетілдіру — ақ халаттылардың басты міндеті. Сондықтан бұл мерекенің дәрігерлер үшін маңызы зор.