Жарияланды: 12.12.2018

Түркістанда «Адалдық дүкені» ашылды

Түркістан қаласында Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінде «Адалдық дүкені» ашылып, өз жұмысын жүргізіп жатыр. «Адалдық дүкені» жұмысы өзіне-өзі қызмет көрсету жүйесі бойынша ұйымдастырылды. Дүкенде сатушы болмайды, мұнда оқытушылар мен студенттер өздеріне қажетті заттарды алып, алынған тауар үшін ақшаны кассалық жәшікке қалдырып, есеп айырысады. Яғни, дүкенде сатушы жоқ, затты сатып алушылар өз-өздеріне қызмет көрсететін болады. Мұндай дүкендерді енгізу жастардың жағымды моральдық қасиеттерін, соның ішінде ішкі парасаттылық пен адалдықты тәрбиелеуге бағытталған.

Жобаның басты мақсаты — қоғамда сенім атмосферасын біртіндеп құру және студент жастарға өзін жақсы, адал адам ретінде анықтауға мүмкіндік беру. Ашылу салтанатына қатысқан студенттер мұндай дүкеннің ашылуына таңданыстарын жеткізіп, жастарға білдірілген сенім үшін ұйымдастырушыларға, университет ұжымына ризашылықтарын білдірді. Өңірімізде алғашқы «Адалдық дүкені» Түркістан жоғары медициналық және Түркістан гуманитарлық-техникалық колледждерінде ашылған болатын. 

1 730 қаралым