Жарияланды: 13.01.2019

Сіздегі табысты болудың формуласы қандай?

Бірде өте танымал адамнан «Сіздегі табысты болудың формуласы қандай?» деп сұрады. Неге екенін білмеймін, бірақ өзіме осы сұрақтың жауабы қаншалықты қажет болса, соншалықты бұл сұрақ күлкілі сияқты болып көрінді.

Бірақ, ол адам күлмеді. Даналығы да сонда болар.
«Әр адам — табысты. Бірақ табыс дегеңнін өзі не? Мен таңертең балама махаббатымды, ықыласымды салып тұрып, жұмыртқа қуырып берсем, балам соны тамсана жесе, мен үшін ол да табыс. Бірақ, кез-келген адам сол бір кішігірім істің үлкен табыс екендігін түсіну керек. Және сол үшін риза болуы ең басты және бірінші ереже дейік. Әр атқан таңға, батқан күнге, өмірдің әр секундына шүкіршілікпен қара!
Екінішісі, максимумге ұмтылу. Яғни қай істі қолға алсаң да, сол жұмысқа максимум берілу. Уақытыңды аямау, өзіңнің күш-жігеріңді барынша салу. Табысты адамдар ынтамен жұмыс жасаудың не екендігін анық біледі. Кез-келген істі үлкен ынтамен жасау керек.
Үшіншіден, өз қателіктеріңді, жаман әдеттеріңді мойындай алу және оларды түзетуге талпыну. Адам кейде өз қателігін көрмей жатады. Қоршаған орта, дос-жараң ол туралы тіс жармауы да мүмкін. Өйткені кейбір адамдар үшін жаман әдет – күнделікті өмірдің бір бөлігі болып кеткен. Хәкім Абай айтпақшы «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, ақылың мен еңбегің екі жақтап». Сен жасаған ағат істерге сенен артық төреші табылмайды. Өзіңді соның әділ төрелігің бере алуға тәрбиеле. Сонымен қатар, жаман әдет табыстан алшақтататынын есте сақтағайсың.
Және тағы бір ереже — табысқа қарай қадам жасаудан қорықпау. Адамдар табысты болғысы келеді-ақ. Бірақ ол үшін саусағының ұштарын да қимылдатпайды. «Шегірткеден қорыққан егін екпес» дейді дана қазақ. Қорқақ адам, тәуекелге бармайтын адам табысты бола алмайды деп ойлаймын.
Әрине, біреудің айтқанымен жүре отырып, табысты болып кетуге мүмкіндік бар шығар. Дей тұра, өмірді болжау, жоспарлау мүмкін емес. Сондықтан кез келген адамның өзіндік табыс жолы, өзіндік формуласы бар. Бірақ мен айтып кеткен мына бір ережелер сол формуланың негізі».

Сара Әділ

otbasybakyty.kz

1 358 қаралым