Шымкенттегі Қаратау ауданының әкімі Исамидин Қантөреевтің жылдық есебін тыңдауға ауданға қарасты Сайрам, Шапырашты, Өтеміс,Орманшы, Достық , Қызылсу, Мәртөбе, Исфиджаб алабтарының тұрғындары, қалалық мәслихат депутаттары, жауапты басқарма және құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты. 250 мыңға жуық халқы бар ауданның басшысы алдымен жыл бойына елдімекендерде атқарылған жұмыстарына тоқталды.
– Аудан бойынша 47,202 жеке үй болса, оның 37 511-і тәулік бойы сапалы ауызсумен қамтылды. 5211 үйге кестемен, 4431 үйге тасымал арқылы су жеткізіледі. Бүгінде Сайрам тұрғын алабының жаңа құрылыс аумағына ауызсу жеткізу бойынша құрылыс жүруде. Жыл соңында сапалы су толығымен жетеді, — деді аудан әкімі. Бұдан бөлек елдімекендердегі өзекті мәселе саналатын электр жарығы, табиғи газбен қамтамасыз ету мен аяқжол, жол құрылыстары, абаттандыру мен қала тазалығы барысы баяндалды.
Есеп тыңдалған соң жиынға қатысушылардың ұсыныс-тілектеріне кезек берілді. Шымкент қалалық мәслихатының депутаты Нұркөз Жаңабаев өткен жылы қарастырылған бюджет қаржысы аз болғанымен, Қаратауда көптеген тірліктің қолға алынғанын жеткізді: Ендігі үлкен мәселе — тарихи-мәдени ескерткіштерге бай Сайрам тұрғын алабында туризм бағытын дамытуды қолға алсақ. Ол үшін жол алдымен жол мәселесін шешуді бірлесе қолға алсақ, — деген ұсыныс айтты.
Қаратау ауданында жаңадан қосылған елдімекендер саны аз емес. Олардың проблемасын қалалық мәслихаттың депутат Х.Ахматханов былай жеткізді: «Сайрам ауданынан қосылған елдімекен тұрғындары диханшылықпен күн көріп отырғандықтан, ауыл шаруашылығының дамуы нашар. Өйткені, олар ағын суға зәру. Бізде 12 қанал бар. Егер олар жөнделіп, тазаланса, талай адам егіншілікпен айналысуына болар еді».
Ауданға қарасты Достық алабының тұрғындары мемлекеттік трансформаторға қол жеткізе алмай келеді десе, З.Бекмырзаева Мәдениет көшесі Кеңес дәуірінен бері жөндеу көрмегенін, жарықтандыру, жол салу қажеттігіне шағымданды.
Есептік жиында айтылған шағымдарға жауапты басқарманың мамандары жауап берді. Аудан әкімі әр шағымның ескеріліп, бақылауда ұстайтыны атап өтті. Исамидин Қантөреев, сондай-ақ, биыл ең маңызды деген жарық, ауыз су мен жол мәселесін бірлесе шешуге уәде берді.