Жарияланды: 21.01.2019

Қазақстандықтар қандай көліктерді көбірек сатып алады?

2018 жылы Қазақстанда 32 298 автокөлік шығарылды. Олардың арасында жеңіл және жүк көліктері, автобус техникасы мен арнайы машиналар да бар. Бұл туралы «ҚазАвтоӨнеркәсіп» автокөлік саласындағы кәсіпорындар одағынан мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 

Есепті кезеңде Қазақстанда шығарылған көліктердің жалпы құны 206 млрд теңгеге бағаланып отыр. Жалпы, жеңіл автомобиль өндіру 78,8 пайызға өсіп, 30 016-ға жетті. Өткен жылы Қазақстанда құрастырылған жеңіл көліктердің арасында сұранысқа ие брендтердің бестігіне Lada (13 146 көлік), Hyundai (8 433), KIA (2 635), JAC (1 125) және Chevrolet (1 082) енді. Отандық кәсіпорындар ұсынатын маркалардың тізімінде Skoda (835), Ravon (552), Peugeot (149), SsangYong (16) бар екенін атап өткен жөн. Аталған мерзімде 3 252 автомобильді жеңілдікті автонесиелеу мембағдарламасына қатысқандар сатып алды.

 

Осыған дейін 4 проценттік автонесиені қалай алуға болатындығы туралы жазғанбыз. «2018 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан тұрғындары утилизацияға 27 180 техника тапсырды. Ескі көліктерді жою бағдарламасының екінші кезеңі аясында жаңа көлік сатып алуға 13 699 жеңілдікті сертификат берілді. Жалпы, еліміздегі автосалондарда 12 964 сертификат пайдаланылып, оған Қазақстанда шығарылған 7 874 автомобиль сатып алынды», — делінген таратылған хабарламада.

 

Белгілі болғандай, автомобиль техникасын сату және құрастырумен айналысатын қазақстандық кәсіпорындар ел бюджетіне 54,9 млрд теңге сомасында салықтық түсімді қамтамасыз етті. Бұл өз кезегінде 2017 жылғы көрсеткіштен 23,4 пайызға артық болды.    

1 109 қаралым