Жарияланды: 29.11.2019

«Көрме» орталығында мерекелік шара өтті

Бүгін Шымкент қаласындағы «Көрме» орталығында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арналған мерекелік іс-шара өтті. Оған түрлі салада қызмет атқаратын қала тұрғындары, мәслихат депутаттары, басқарма басшылары, қоғамдық ұйымдар мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Мерейлі мерекеге қатысқан қала әкімі Ерлан Айтаханов қаладағы этномәдени бірлестіктердің жеткен жетістігіне арналған көрмені аралады.

Салтанатты жиын «Елбасы: балалық шағымның аспаны» атты театрландырылған хореографиялық композициясымен ашылды. Жиында шаһар басшысы барша жұртшылықты мерекемен құттықтап, еңбегі еленген бірқатар азаматтарды марапаттады.

— 1 желтоқсан – барша қазақстандықтар үшін шын мәніндегі жалпы халықтық мерекеге айналған күн. Осы күнді Тұңғыш Президент күні ретінде таңдалып алуының өзіндік себебі бар. Еліміз үшін ең тағдырлы кезең болған 1991 жылдың 1 желтоқсанында Қазақстанда тұңғыш рет жалпыхалықтық сайлау өтіп, егемен еліміздің негізін қалаушы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті атанғаны белгілі. Содан бері Елбасы, Ұлы Дала төсінде қайта жаңғырған қазақ мемлекетін нығайтып, көк туымыздың биікте желбіреуі жолында аянбай еңбек етіп келеді. Осы жылдарда Қазақстан өтпелі кезеңнің тоқырауы мен қиындықтарын еңсеріп, дамудың даңғыл жолынан өтті. Экономикамыз дамып, халықтың әл-ауқаты жақсарды. Осының барлығы Тұңғыш Президентіміз, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың кемеңгерлігінің, сарабдал саясатының жемісі. Сіздерді 1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнімен шын жүректен құттықтаймын!, — деді мерекелік шарада сөз алған Ерлан Қуанышұлы.

Бүгінде Қазақстан Елбасымыздың сарабдал саясатының нәтижесінде бейбітшілік пен келісімнің, бірлік пен татулықтың мекеніне айналғанын айтқан қала әкімі Тұңғыш Президенттің батыл бастамаларын да атап өтті.

Салтанатты жиын Н.Ә.Назарбаевтың сөзіне жазылған «Елім менің» әнімен аяқталды.

Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі

796 қаралым