Жарияланды: 30.11.2019

Инновация және кәсіптік білім жас мамандардың біліктілігін арттырады

Шымкенттегі Жол-көлік колледжінде республикалық семинар өтті. Маңызды жиында еліміздің 14 өңірінен келген техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының мамандары бас қосты.

Қатысушылар білім беру және бизнестің интеграциясы негізінде өз тәжірибесімен бөлісті. Ағылшын тілін білу, өндірістік тәжірибеден өту жайы сөз болды.

Шымкент қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары Балмаржан Нарбекова қатысушыларды құттықтап, семинар-практикумның сәтті өтуіне лебізін білдірді.

Балмаржан Полатқызының айтуынша, Шымкентте техникалық кәсіптік сала бойынша 11 мемлекеттік, 19 жекеменшік арнаулы орта білім беру ұйымы бар. Онда 26 684 студент 10 кәсіптік және техникалық сала, 75 мамандық бойынша білім алады. Биыл 446 бітіруші жас маманның 90 пайызы жұмыспен қамтылған.

Ал «Кәсіпкер» холдингі ККАҚ оқу-тренинг орталығының директоры Нұрдәулет Жанайдаров елімізде 400-ден астам колледждің дуальды оқыту жүйесіне енгізілгенін атап өтті. Республикалық семинар-практикум пленарлық отырыс және практикалық сессия бағытында өтті.

 Құттыбике Нұрғабыл

Шымкент келбеті

967 қаралым