Жарияланды: 02.12.2019

Жанар Бектаева: «Сананы жаңғырту арқылы ұлттық рухымызды көтереміз»

– Жанар Әлібекқызы, Шымкент қаласының ішкі саясат және дін істері басқармасына басшылық етіп отырсыз. Білікті басшы ретінде талай игілікті істер атқарудасыз. Қазіргі таңда ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру аясында мегаполис қаламызда қыруар жұмыстар бастап жібердіңіздер. Осы жөнінде нақтырақ тоқталып өтсеңіз.

– «Рухани жаңғыру» бағдарламасы – қоғамдағы өзекті мәселелерді қамтитын ауқымды мақала. Оған барлық мемлекеттік органдарымен қатар Шымкент қаласының Ішкі саясат және дін істері басқармасы да тікелей атсалысуда. Көптеген тапсырмалар келіп түсті, соның ішінде осы «Рухани жаңғыру» бағытын жүзеге асыру, насихаттау бойынша арнайы бөліктері бар. Атап айтсақ, «Туған жер» бағдарламасы, прагматизм, сананың ашықтығы, мәдениеттің салтанат құруы. Ақпараттық толқын осы бағыттағы айдарлар бойынша  өткен жылы біз үлкен іс-шара жоспарын бекіткен болатынбыз. Сол жоспар негізінде биыл жыл басынан бері бірқатар іс-шаралар өткізіліп келеді. Қала көлемінде «Рухани жаңғырудың» 77 шарасын бекіттік. Оның көбісі осы әлеуметтік тапсырыс аясында жүзеге асты. Соның ішінде қаржы қаралғандары да, қаржы қаралмай таза ұйымдастыру шараларымен жүзеге асырылған шаралар да бар. Мегаполис мәртебесін алғаннан кейін ішкі саясат басқармасы құрылып, осы «Рухани жаңғыру» офисін қалыптастыру бойынша  «Шымкент медиа» «Шымкент келбеті» газетінің ішінен арнайы тоғыз штаттық бірліктен тұратын бөлім құрдық. Олар Рухани жаңғыру бөлімінің жетекшісі, салаға жауапты маманы, бағдарламаға, ақпараттық блогына жауапты, ұйымдастырушысы сынды тоғыз адамнан құрылған. Қазіргі таңда бұл бөлім әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығына орналастырылды. Себебі, рухани жаңғыру мен салт-дәстүр бір-бірімен тығыз байланысты.  Екеуінің де бағыты бір. Біздің өз салтымызға жаңаша көзқараспен қарау, рухани жаңғырту. Жаңғырту дегеніміз –  өзгерістер емес, сананың ашықтығы. Бағдарламада айтылғандай бәсекеге қабілетті ел қалыптастыру, жастардың санасын қазіргі заманға сай өзгерту. Ескі стереотиптерден жаңа арнаға бет бұрып, техниканың дамыған заманында соған бейімделе отырып, санамызды жаңғыртуға бағытталған. Бұған қоса ұлттық құндылықтарды да ұмытпау. Рухани жаңғыру аясында бізде 732 іс-шара өткізілді. Бұл шаралардың ұйымдастырушысы біз болғанымен, контингенті мәселен, жастар басқармасы немесе  білім басқармасы болуы, ардагерлер ұйымы, үкіметтік емес ұйымдар болуы  мүмкін.  Бұл жалғыз ішкі саясаттың жұмысы емес, барша халық осы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын түсіне отырып, соған қарай бейімделу. Бұл бір үлкен идеологиялық бағдарлама. Негізгі мақсаты – халықтың санасын  жаңғырту, яғни жаңа заманға бейімделген жастарды тәрбиелей отырып, тарихымызды, салт-дәстүрімізді ұмытпай, сонымен байланыстырып, ұштастырып жаңа бағытта дамыту. Үлкен стратегиялық құжат. Өздеріңізге белгілі, 2030, 2050 стратегиялық бағыттарында осы тармақ қаралған.

Рухани жаңғыру бағытының жүзеге асырылуының басы, аяғы болу мүмкін емес. «Ұлы даланың жеті қыры» деп тарихымызды тануымызға бағытталған  арнайы ауқымды кең мақала жарияланды. Жалпы алғанда, өзіміздің ұлттық санамызды дамыту, ұлттық болмысты жоғалтпау. Біздің ең басты құндылықтарымызды жаңғырта отырып даму, әрбіріміз өз-өзімізді іштей тәрбиелеу,  ескі көзқарастардан арылып, заманға қарай бейімделуге арналған құжат. Көпшілік кейде мұны тек ішкі саясаттың жұмысы деп бұрыс қабылдап жатады. Бұл көзқарас дұрыс емес.

Рухани жаңғыру тек тақтайшада ғана көрініс таппай, іс жүзінде орындалуы қажет. Негізгі бағыт – белгілі бір идеяны санаға сіңіру. Санаға сіңіру арқылы адам өзін дамытады.  Мұнда арнайы бір индикатор, көрсеткіш жоқ. Халықтың тіршілігі, мәдениеті, тарихты білуі, сананың ашықтығы, білімді ұрпақтың болуы, салт-дәстүрін білуі, тағы басқа барлығы осы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жүзеге асырылып жатқанын көрсететін дүниелер.

Аягөз ДҮЙСЕНБАЕВА

(Сұхбат adilettv.kz сайтынан алынды)

834 қаралым