Бүгінде алып шаһарды мегополиске айналдыру жұмыстары басталды, деп хабарлайды «Хабар 24». Миллион тұрғыны бар қалада бірнеше ауқымды жоба жүзеге асырылуда. Мәселен, солтүстік батыс бөлігінде «Шымкент-сити» қарқын алса, орталықтағы «ескі қала» орны абаттандырылып, қайта жаңғыртылады. 427 гектар жерді алып жатқан аумақта «Шымкент-сити» жобасы жүзеге асады. Мамандардың айтуынша, мұнда 56 мың азамат қоныстанады. Алдағы жеті жылда 7 мектеп, 21 балабақша мен 324 көпқабатты үй бой көтереді. Қазір 14 көпқабатты үй салынып біткен. Мектеп құрылысы жүруде. «Шымкент-сити» қалашығы 12 кварталдан тұрады. Әрқайсысында шағын және орта бизнес нысандары мен сауда-ойын-сауық орталықтары, емханалар, саябақтар, аллеялар мен демалыс орындары да салынады. Кіші деңгейдегі жобалау жоспарында 9 қабаттан 12-қабатқа дейінгі көпқабатты тұрғын үйлер бар. Бұл маң көгалдандыру, абаттандыру жағынан барлық қала тұрғындары мен туристер үшін тартымды орын болады.
Жарияланды: 02.12.2019