Жарияланды: 07.12.2019

Қаланың көркіне айналады

Шымкент қаласындағы «Ескі қала» атымен танымал орталық қазіргі таңда күрделі құрылыс алаңына айналған. Ескі қалаға жиі ат басын бұратын шаһар басшысы тиісті мамандарды сонда жинап, бірқатар нақты тапсырмалар берген болатын. Цитадельдің құрылыс жұмыстары қала әкімі Ерлан Қуанышұлының жіті бақылауында. «Цитадель қалашығы болашақта туристер мен қала тұрғындарының ең қызықты нысандардың біріне айналуы тиіс. 2020 жылы Шымкент ТМД елдерінің мәдени астанасы атанатынын ескерсек, аталған нысандағы археологиялық қазба жұмыстарды өте қарқынды түрде жүргізуіміз керек. Жерасты қаласын аршыған археолог-ғалымдарымыз көптеген тарихи жәдігерлер табуда. Келер жылы болатын айтулы іс-шараларға қазірден бастап сақадай сай болуымыз қажет», — деген болатын Ерлан Қуанышұлы. Цитадель Шымкенттің негізгі туристік орны болады деп күтілуде. Онда 500 орындық амфитеатр, ежелгі мұражай мен галереялар бой көтеріп, қаланың көркіне айналады. Ескі қала бекінісін қалпына келтіру жұмыстары келесі жылы аяқталады.

807 қаралым