Жарияланды: 07.12.2019

Жұмыс орындарының саны 3000 — ға дейін өседі

Бүгінгі таңда «Оңтүстік» АЭА-ның кәсіпорындарында 1560 адам жұмыс істейді, жүзеге асырылып жатқан жобаларды ескерсек 2021 жылға қарай жұмыс орындарының саны 3000 адамға дейін өседі, ал бұл өз кезегінде жеңіл өнеркәсіп саласында жұмыс істейтін білікті мамандарға сұранысты тудырады. Бұл салада жұмыс жасап жатқан кәсіпорындарды жоғары білікті мамандармен қамтамасыз ету мақсатында 2019 жылдың қараша айынан бастап «Оңтүстік» АЭА-да жеңіл өнеркәсібінің Біліктілік орталығы өз жұмысын бастайды. Осы орайда, «Оңтүстік» АЭА-дағы кәсіпорындардың жетекшілері мен Шымкент қаласының «Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжі» басшылығының қатысуымен кездесу өтті. Кездесу барысында Біліктілік орталығының қызметінің негізгі бағыттары таныстырылып, «Оңтүстік» АЭА-да жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың базасында мамандарды даярлау және студенттердің өндірістік тәжірибесін ұйымдастырудағы өзара ынтымақтастық мәселелері, сондай-ақ білікті мамандардың жетіспеушілігі және жұмыстан кетуі мәселелері талқыланды. Кездесу соңында жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының сұранысына сай колледж мамандықтарының тізімін кеңейту бойынша келісімдерге қол жеткізілді. Өз кезегінде, өндірістік тәжірибе уақытында кәсіпорын жетекшілері студенттерді оқу аудиторияларымен, құрал-жабдықтармен, технологтар және көлікпен қамтасыз етуге дайын екендіктерін білдірді. «Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжі» жеңіл өнеркәсіп үшін жұмысшы кадрларды даярлау бойынша базалық оқу орны болып табылады. Өңірлік Кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, дуальды оқыту жүйесі бойынша қаланың жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарымен келісім-шарт жасалып, нәтижесінде түлектерді жұмысқа орналастыру көрсеткіші 100% — ға жетті.

843 қаралым