Жарияланды: 24.02.2020

Шымкент: «ТМД елдерінің мәдени астанасы» жылына орай 34 іс-шара өтеді

 

Мұрат ӘЙТЕНОВ: «Қаланың жоспары айқын, мақсаты биік».

Республикалық «Егемен Қазақстан» газетіне сұхбат берген Шымкент қаласының әкімі жоспарларымен бөлісті.

– Мұрат Дүйсенбекұлы, биылғы жыл – шымкенттіктер үшін ерекше жыл. Өйткені Шымкент шаһары 2020 жылғы ТМД елдерінің мәдени астанасы болып жарияланды. Шын мәнінде, бұған қуанып жатқандар аз емес. Осы атаулы жылға байланысты үшінші мегаполисте қандай іс-шаралар ұйымдастырылмақ? Алғашқы сауалды осыдан бастасақ.

– Ең алдымен Шымкент қаласының тұрғындарын осы мерейлі мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Шымкент – ұлтымыздың ұйытқысы, құт қонған киелі мекен! Шымкенттің ТМД-ның мәдени астанасы мәртебесін иеленуі сүйікті қаламыздың дамуына, өсіп-өркендеуіне үлкен септігін тигізеді деген сенімдемін. Мән-маңызы зор бұл шараның жоғары деңгейде өтуіне барша шымкенттіктер жұмыла кірісіп, атсалысуы қажет. Шымкентте «ТМД-ның мәдени астанасы» жылына орай 34 іс-шара бекітілді. Ресми ашылуын 22 наурызға жоспарлап отырмыз. Ашылу салтанаты Шымкенттегі 18 мың адам сыятын Орталық стадионда өтпек. Бұдан бөлек, осы мерейлі шарамен орайластырып, қаламызда шоқтығы биік ірі шаралар ұйымдастырылмақ. Атап айтсақ, ғұлама ойшыл әрі ғалым Әбу-Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына және кемеңгер ақынымыз Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай ғылыми конференциялар өткізуді жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ ТМД ЖОО-ның форумы, ТМД елдерінің опера және симфониялық оркестрлерінің фестивальдары, «Душа Евразий» фестивалі, шаттыққа толы түрлі гала-концерттер мерекенің ажарын арттыра түспек. Ұлы Жібек жолы дәстүрі қолөнер шеберлерінің көрмесі, ТМД елдері ұлттар циркінің өнерлері де көптің көңілінен шығады деген ойдамыз. Шымқаланың шырайына шырай қосатын басқа да іс-шараларды тамашалайтын боламыз. Қысқасы, Шымкенттің бүгінгі келбетін, тұрғындарының ыстық ықыласын ТМД елдеріне жан-жақты паш етсек дейміз.

908 қаралым