Жарияланды: 25.02.2020

ШЫМКЕНТ: САЯСИ МЕНЕДЖМЕНТ МЕКТЕБІНІҢ СЕМИНАРЫ ӨТУДЕ

 

Шымкентте «Nur Otan» партиясы Саяси менеджмент мектебінің семинар тренингі басталды. «Саяси коммуникациялар» тақырыбындағы семинарға бастауыш партия ұйымы жетекшілері, белсенді мүшелері, қалалық мәслихат депутаттары қатысуда. Қызылорда, Жамбыл және Түркістан облысынан да жалпы 100-ге жуық адам жиналған.

Саяси менеджмент мектебінің директоры Шыңғыс Нұрланұлының айтуынша, биыл еліміз бойынша 1700 белсенді азаматты оқыту жоспарланып отыр. Негізгі мақсат – көпшіліктің алдында дұрыс сөйлеу, партиялық бағдарламаларды жеткізу бойынша әдіс, тәжірибелерін дамыту.

Шымкентке жұмыс сапарымен келген Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек те дәріс тыңдаушылармен кездесті.

– Бастауыш партия ұйымдары өкілдерінің дәріс тыңдауына барлық жағдайды жасадық. Білім алу, бірлесе тәжірибе алмасудың берері мол. Біз адамдардың санасын дамытуға жұмыс істеуіміз керек. Халықпен дұрыс диалог орнатуға мән берейік. Ең басты мақсат – қарапайым азаматтардың сенімі, – деді Бауыржан Қыдырғалиұлы.

Партия Төрағасының Бірінші орынбасары жұмыс сапары барысында партиялық бақылауға алынған өтініштердің орындалуын тексеру, Үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен, зиялы қауыммен, жастармен және қаланың басқа да белсенді тұрғындарымен кездесуді жоспарлап отыр.

Саяси менеджмент мектебінің дәстүрлі семинары ертең аяқталады.

982 қаралым