Жарияланды: 06.03.2020

«Көрпе Fest» мегафестиваліне қатысушыларына тігін машиналарын сыйға тартты

Шымкент қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен «Көрпе Fest» мегафестивалі өз мәресіне жетті. Іс-шараға қатысқан қала әкімі Мұрат Әйтенов нәзікжандыларды 8 наурыз Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады.

– Дана халқымыздың «Көктем — тіршіліктің бастамасы болса, әйел – адамзаттың бастамасы» деген сөзі бар. Сіздерді көктемнің алғашқы мерекесімен құттықтай отырып, ел экономикасының дамуына елеулі еңбек етулеріңізге тілектеспін. Осы шараға қолданбалы өнерге қызығушылар мен көпбалалы аналар қатысып отыр. Өз кезегінде қатысушылар еліміздің табысты әйелдерімен бір қатарда нәтижеге жетуге ұмтылып, отбасында бала тәрбиелумен бірге өз кәсіпкерлігін де дамытады деп ойлаймын, — деді қала әкімі.

Аталған фестивалге 200-ден астам қыз-келіншек қатысып, ҚР Президентінің «Алтын сапа» премиясының иегері Ырза Тұрсынзададан тігін шеберлігінің қыр-сырын үйренді.

Фестиваль аясында оқыту семинарлары, тігін және қолданбалы өнер бойынша сабақтар өткізілді, әлеуметтік желілерде бизнес жүргізу бойынша шеберлік сыныптары мен көрмелер ұйымдастырылды.

Сондай-ақ еліміздің төл мәдениетінің дамуына зор үлес қосып жүрген Ырза Тұрсынзада және оның ізбасарларына қала әкімі «Алғыс хат» табыстап, озық тігіншілер әкімдік тарапынан тігін машиналар мен алғыс хаттармен марапатталды.

1 095 қаралым