Қаланың көркеюі тек дәулетті де сәулетті үйлерімен, жасыл желекке көмілген саябақтармен өлшенбесі белгілі. Жыл жылжыған сайын көркейіп келе жатқан Шымкенттің ажары оның тазалығына да байланысты. Көшелер тап-таза, әдемі әрі жасыл желекке оранып тұруы тек тазалықшыларды ғана емес, әрбір адамның жанашырлығын қажет етеді. Үшінші мегаполис атанған қала үшін тазалық мәселесі алдыңғы орында тұруы тиіс. Ауланы ретке келтіріп, ұқыпты ұстау санитарлық талап қана емес, мәдениеттіліктің де белгісі. Тек сөйлеу, өзін өзі ұстау ғана емес, тазалықты сақтау да мәдениеттіліктің бір белесі болса керек. Бұл жағынан алғанда шымкенттіктердің біразы қамшы салдырмайды. Көктем, күз мезгілдерінде қала тұрғындары сенбілікке шығуды дәстүрге айналдырған. Олар қоршаған ортаны таза ұстауға өз үлесін қосуда. Бүгінде Шымкентте 2 мыңнан астам көше, 2010 көпқабатты тұрғын үй, 1400-ге жуық аула бар. Бүгінде 1, 2, 3 санатты 156 көшенің тазалығына санитарлық-тазалық мекемелері жауапты. Таңғы сағат 6-дан басталатын тазалық жұмыстары күн батқанға дейін жалғасады. Жүк көліктері алдымен асфальтқа су бүркіп өтеді. Артынша көше сыпырушылар қоқыстан тазалап шығады.
Жарияланды: 31.03.2020