Жарияланды: 04.04.2020

Алып саябақ…

Шымкенттегі ең ірі саябақ Тәуелсіздік саябағы Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында ашылған болатын. Тәуелсіздік саябағы мен монументінің арасын мемлекеттік рәміздер алаңы және ұзындығы 104 метрді құрайтын көпір қосып тұр. Алып саябақтың аумағы  5,8 гектар алқапты құрайды. 15 метрлік қақпасынан әрі қарай 1991 жылдан бүгінге дейін Қазақстанда болған тарихи маңызды оқиғалар тасқа қашалып жазылған. «Ел бірлігі” монументі мен тәуелсіздік шежіресі аллеясы салынды. «Алтын шаңырақ» тәуелсіздік монументі тағы бар. Қазақстандағы барлық ұлт пен ұлыс өкілдерінің барельефі бейнеленген алып гранит тұғырдан 137 тік тіреуден тұратын композиция көтеріліп, шаңырақты ұстап тұр. Ондағы 137 тіреу еліміздегі 137 ұлт пен ұлыс өкілдерінің ынтымақ пен бірлікті ту етіп, бейбіт өмір сүріп жатқанын білдіреді. Саябақтың құрылысына жалпы сомасы 680 миллион теңге жұмсалды. Оның 373,5 миллион теңгесі облыс бюджетінен бөлінсе, қалғаны бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында кәсіпкерлер қаржысымен жүзеге асты. 2014 жылы саябақтың авторлары — Асқар Исабекұлы Мырзахметовке, Бақытжан Құдайбергенұлы Әшірбаевқа, Насир Ачилович Рустамовқа, Әмірхан Бекжанұлы Шүменовке, Нұрлыжан Маратбекұлы Бөкебаевтар тәуелсіздік мерекесі қарсаңында мемлекеттік сыйлыққа лайық деп танылған болатын. Саябақ бүгінде қалалық коммуналшылардың қарамағына берілген. Саябақты күтіп ұстау, тазалығын сақтау солардың мойнында.

1 197 қаралым