Жарияланды: 04.04.2020

Жан саясы атанған…

Бүгінде қала тұрғындары мен қонақтары үшін демалуға ең оңтайлы көрікті орындардың бірі Шымкенттегі – «Орталық» саябақ. Қай кезде де қыз-қыз қайнап жататын қала тіршілігінен бір сәт мойнын босатып, саябаққа серуенге шығатын тұрғындар осы бір мекенді әдетте жан саясы атағанды жөн көреді. Себебі, мұнда жастар қауымы субұрқақтар маңына топтасып, өзара еркін сырласуға бейім болса, қариялар көптен кезікпеген ескі таныстарын кезіктіріп, мәре-сәре болып жатады. Халқы мол шоғырланған шаһарда экологиялық ахуалды сауықтыратын, адамдардың бiр мезгiл тынығып, демалатын мәдени орны болуы керек. Сол себептен де, орталық саябақ көпшіліктің көңілін тауып тұр деуге болады. Мұнда әсіресе, қариялар көптеп келіп дем алады. Оңды жасалған жағдай үшін осындағы шахмат клубында таңнан кешке дейін көңіл сергітіп таза ауамен тынығатын ақсақалдар дән риза. Саябақ іші де тап-таза. Қала жұртшылығы мәдениеттілікке үйреніп келеді. Қазір жастар бұрынғыдай қоқысты орынсыз тастай салмайды. Бұл да болса қоғамдық тәрбиенің жемісі. Алғаш кірпіші 1925 жылы қаланған орталық саябақ осы күнге дейін қаланың құнды мәдени қазынасының бірінен саналады. Қала қазынасынан 82 миллион теңге қаржы жұмсалып, саябаққа күрделі жөндеу жүргізілді. Соның нәтижесінде, саябақта жаңа бой түзеген әсем субұрқақ пен гүлзар орны көпшіліктің көзайымына айналды. «Ендiгi мақсат – баршамыз бірдей осынау демалыс орындарын күтiп, аялап ұстауға тиiспiз. Жастарға мұны түсiндiрiп, тәрбиелейiк» дейді қала тұрғындары.  

 

Baq.kz

 

925 қаралым