Жарияланды: 13.04.2020

Тазалыққа қоса тәртіп те керек

Шымкент қаласындағы «Жеңіс» саябағы қалалықтардың сүйікті мекені. Өйткені әрдайым тап-таза, жап-жасыл болып, көңілге көктем орнататын әсем саябаққа келушілердің қарасы сейілмейді. Саябақ аумағында «Ерлік» музейі бар. Мұнда аға буын өкілдерімен сыр-сұхбат ұйымдастырылады. Былтыр «Поэзия бұрышы» ашылды. Жыр сүйер, әдебиет сүйер қауымның сырласу орталығына айналды. Осы бақтағы барлық аумақтың тазалығына жауапты жұмысшылардың еңбегі әркез мақтауға лайықты. Үлкен аумақты таң атысымен күннің батуына дейін еңбектенетін жұмысшыларға да оңай емес. Ескерткіштердің күтімі бар, аяқжолдарды сыпырып, көк шөптерді орып, саябақтың әрдайым сұлулығына сеп болатын жұмысшылардың бірі Әдиша Бектұрғанова. «Былтыр халықаралық стандартқа сай қоғамдық орындар, яғни, саябақтар ашық болуы керек деп, қоршаудың барлығы да алынып тасталды. Көпшілікке ыңғайлы болғанымен бізге оңай емес. Қоқыс тастап кететіндер көп. Азанда тазалап кеткен жерді кешке дейін екі-үш рет тазалайтын кезіміз болады. Қалалықтарға көпшілік орындарды таза ұстау мәдениетін қалыптасытыру қажет-ақ. Жұмысым жеңіл деп айта алмаймын. Дегенмен жасыл-желекке оранған саябақта жұмыс істеп жүріп-ақ демалғандай боласың» дейді Әдиша Бектұрғанова.

 Қуаныш Дәулетқали

935 қаралым