Жарияланды: 22.04.2020

Қайырымдылық қайырлы іс

Еліміздегі төтенше жағдай кезінде көпшілік арасынан шыққан жомарт жандар індетпен күрестің алғы шебінде жүрген қызметкерлерге қолғабыс жасауда. Шымкенттегі осындай қайырымдылық акциясынан кәсіподақ мүшелері де қалыс қалмады. Жуырда Шымкент қаласының кәсіподақтар орталығының өкілдері «Біз біргеміз!» акциясын өткізді. «Кәсіподақ мүшелері «Senim» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағының қалалық филиалымен бірге ауқымды акция өткіздік. Оның аясында осындай қиын шақта күндіз-түні еңбек етіп жатқан медицина қызметкерлеріне қолдау көрсетіп, Шымкентте кіреберіске қойылған блок-бекеттердегі мамандарға ыстық тағам және сусын жеткізілді», – дейді «Шымкент қаласы және Түркістан облысының кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Берік Бекжанов. Кәсіподақ қызметкерлері қаладағы мейрамханалардың біріне тапсырыс беріп, 12 блок-постағы 160 қызметкерге екі күн бойы түскі және кешкі ас-ауқат жеткізіп берген. Кәсіподақ ұйымы, сонымен қатар, мегаполистегі 3 медицина мекемесіне қаржылай қолдау көрсетті.
«Атап айтқанда Шымкент қалалық №2 көпсалалы ауруханасының ұжымына – 200 000 теңге, ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталыққа – 300 000 теңге, ал қалалық жедел жәрдем станциясына 200 000 теңгенің сертификаты табысталды. Бұл қаржыны медицина мекемелері коронавирусқа қарсы күресте бетперде мен санитарлық-тазалық құралдарын алуға жаратады», – деді кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы.

 

«Шымкент келбеті»

681 қаралым