Жарияланды: 12.05.2020

Туристік маңызы бар ескерткіштердің көбіне QR кодтар орнатылды

Шымкент қаласындағы 7 тарихи-мәдени ескерткіш республикалық маңызы бар қасиетті, киелі жерлердің тізіміне, ал 8 нысан жергілікті маңызға ие орындар қатарына енген.

Мұның барлығы ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында айтылған «Қазақстанның жалпыұлттық киелі орындары» жобасы аясында жүзеге асырылып отыр.

Шымкент қаласынан республикалық маңызы бар тізімге енген 7 нысанның барлығы да Сайрам тұрғын алабына кіреді. Алтауы қала құрылысы және сәулет ескерткіштерінің санатына енсе, қалған біреуі, яғни Сайрам қалашығы археологиялық ескерткішке жатады.

Атап айтқанда:

1. Әбдул-Әзиз баб кесенесі Сайрам ауылының солтүстік шетінде, ескі мазарат ішінде (ХІХ ғ ортасы);
2. Ибрагим-ата кесенесі Сайрам ауылының солтүстік-батыс шетінде, Ақ-су жолының оң жағасында (ХҮІІ-ХХ ғғ);
3. Қожа Талих кесенесі Сайрам ауылының орталығында (ХІХ ғ);
4. Мірәлі баб кесенесі Сайрам ауылының орталығында, ескі мазарат ішінде (ХІХ ғ соңы);
5. Қарашаш ана кесенесі Сайрам ауылының орталығында, мазарат ішінде (ХҮІІІ ғ);
6. Қызыр мұнарасы Сайрам ауылының шығыс шетінде (ХІХ ғ);
7. Сайрам қалашығы (Исфиджаб) Сайрам ауылындағы Сайрам-су өзенінің оң жағасында (ҮІІІ-ХҮІІ ғғ)
орналасқан.

Ал жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне енетін 8 нысанның төртеуі қала құрылысы және сәулет ескерткіштері, ал қалған төртеуі археологиялық ескерткіштер қатарына енеді. Бұлардың барлығы да қаланың әр бөлігінде жатыр.

Дәлірегі,
1. Металлургтар сарайы 1 Мамыр көшесі, 10 үй (1950-ші жж ортасы):
2. Тұрғын үй Анаров көшесі, 22 үй (ХХ ғ басы);
3. Никольский шіркеуі Кең-Баба балалар саябағының ішінде (ХХ ғ басы);
4. Мектеп Қалдаяқов көшесі, 12үй (1950-ші ж ортасы);
5. Шымкент қалашығы қаланың оңтүстік бөлігінде (б.з.д ІІІ-ІІ ғғ. б.з.-ХІХ ғғ);
6. Оба (патшалық) Д. Қонаев және Т. Рысқұлов көшелерінің қиылысында (І-ІҮ ғғ);
7. Оба қорымы Бадам өзенінің сол жағасы, Шымкент қаласынан Ташкентке шығар жолда (б.з.д. І мыңжылдық);
8. Жеке оба Бадам өзенінің сол жағасы, майкомбинатына қарсы бетте (б.з.д І мыңжылдық)
орналасқан.

Қаладағы қасиетті, киелі орындар мен туристік маңызы бар ескерткіштердің көбіне QR кодтар орнатылды. Бұл жұмыс биыл да жалғасып жатыр. Қала көшелерінде киелі орындардың тарихи деректері мен сипаттамасы бейнеленген баннерлер ілінген.

Тарихи-мәдени мұраларды насихаттау жұмыстары бойынша Шымкент қаласының даму тарихын бейнелейтін «Цитадель» (Ескі қаланы жаңғырту) кешенін айтуға болады. Ескі қалашық аумағына зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл аумақта көне археологиялық парк кешенін мұражай етуге бағытталған ауқымды істер қолға алынды. Қазба жұмыстары толық аяқталған соң мұнда ашық аспан астындағы музей, амфитеатр ашылады.

978 қаралым